Қаңтар оқиғасы кезінде Алматыда оқ тиіп қаза тапқан археолог Ерлан Жағыпаровтың ісі бойынша Алматы гарнизонының әскери сотында алғашқы сот процесі өтті. Іс бойынша Ұлттық гвардияның №5571 әскери бөлімінің тәрбие және әлеуметтік-құқықтық жұмыс жөніндегі орынбасары Айтжан Әубәкіров айыпталып отыр. Ол Қылмыстық кодекстің 451-бабы бойынша «билікті асыра пайдалану» айыбымен жауапқа тартылып жатыр.
Бұл іс бойынша қаза тапқан Әуез Қапсаланов та зардап шегуші ретінде танылды. Ол Ерлан Жағыпаровпен бірге 2022 жылғы қаңтар оқиғасы кезінде Республика алаңында қайтыс болған.
Айыптау нұсқасы
Айыптау актісі бойынша, 2022 жылдың 6 қаңтарында Әубәкіров төтенше жағдай кезінде қоғамдық тәртіпті сақтау және мемлекеттік нысандарды қорғау міндетін атқарған лауазымды тұлға ретінде қызмет еткен. Ол тағайындалған батальонмен бірге Республика алаңының солтүстік-батыс бөлігінде орналасқан.
Прокурор Елжан Көбейдің айтуынша, 19:30 бен 20:00 аралығында алаң аумағында ҰҚК академиясының арнайы бөлімшесінің белгісіз қызметкерлері Ерлан Жағыпаров пен Әуез Қапсалановты ұстаған. Кейін 22:30-дан 00:30-ға дейінгі уақыт аралығында Ұлттық гвардияның №5571 әскери бөлімінің белгісіз қызметкерлері билікті асыра пайдалану әрекетін жасаған.
«Әскери қызметкерлер ұсталғандардың қолдарын артына қайырып, кісен салып, денелерінің әртүрлі бөліктеріне қолдарымен, аяқтарымен және қаруымен ұрып-соққан. Бұл әрекеттен кейін зардап шеккендер ауыр дене жарақаттарын алып, физикалық және моральдық азап шеккен», – деді прокурор.
Оқиға барысы
Прокурордың мәліметінше, 6 қаңтар күні кешке подполковник Әубәкіров командирден Жағыпаров пен Қапсалановты босату туралы бұйрық алған. Ол өзінің әскери қызметкерлеріне зардап шегушілерді баррикаданың сыртына шығарып, кісендерін ашуды бұйырған. Бірақ дәл сол сәтте, кісенді ашып жатқан кезде, Жағыпаров одан әрі ұрып-соғу мен азаптаудан қорқып, капитанды итеріп жіберіп, Қапсалановпен бірге қаша жөнелді.
«Подполковник Әубәкіров олардың қашуын көріп, қауіп төндіруші тұлғалар деп ойлап, оқ атқан», – деді прокурор.
Оның айтуынша, Әубәкіров 10 метр қашықтықтан АК-74 қаруымен қашып бара жатқан екі адамға оқ атып, олардың өліміне себепкер болған. Сараптама нәтижесінде Ерлан Жағыпаровтың кеуде және құрсақ қуысынан алған оқ жарақаттарынан көз жұмғаны анықталды.
Айыпталушының жауабы
Айыпталушы Айтжан Аубакиров өз кінәсін мойындамайды. Оның айтуынша, оқиға кезінде белгісіз топ шабуыл жасаған. Ол 10 рет ауаға, тағы 10 рет адам силуэттеріне оқ атқанын мәлімдеді. Бірақ қараңғыда нақты кімге оқ атқанын анық көрмегенін айтты.
«Мен оқ атқан кезде жақын жерде машина көрінді, кейін ол бұрылып кетті. Көз алдымда бірнеше силуэт көрінді, кейін олар құлады. Біз баррикададан шықпадық және ештеңе тексерген жоқпыз», – деді айыпталушы.
Куәгерлердің мәліметі
Сотта Ерлан Жағыпаровтың досы Асқар Уәлиев пен жары Жексембаева Лейлә куәгер ретінде сөз сөйледі.
Күәгерлердің сөзінше, Жағыпаров 6 қаңтар күні достарының үйінде болған, бірақ кешкі сағат 19:00-де өз үйіне кеткенін айтты. 40 минуттан кейін Ерлан достарына қоңырау шалып, Ұлттық гвардия қызметкерлері ұстап алғанын хабарлаған. Түнгі сағат 12-ден кейін Ерлан телефон қоңырауына жауап бермеген.
Араға төрт күн уақыт салып, Ерланның денесі 11 қаңтар күні мәйітханадан табылды.
«Қолындағы кісені алынып тасталмаған. Оның денесінде автоматтан атылған оқ іздері мен ауыр соққылардан түрі танымастай болып кеткен. Қинап, азаптап өлтіргені көрініп тұр»,- деді куәгер Лейлә.
Басқа да куәгерлердің көп болуына байланысты сот процесі келесі аптада, 25 және 26 желтоқсан күндері жалғасады.
Еске сала кетейік, бұған дейін Қаңтар оқиғасы кезінде билікті асыра пайдаланған экс-министр Ерлан Тұрғымбаев шартты түрде бас бостандығынан айырылған еді.