Франция Қазақстанға 4,6 млн еуро көлемінде грант береді. Бұл ақша қайда жұмсалады?

Жарияланды
Франция грант береді
Франция жалпы 4,6 млн еуро көлемінде грант бермекші / Коллаж: kursiv.media; бильд-редактор: Ахтам Зиперов

Франция Қазақстанға 4,6 млн еуро көлемінде грант береді. Сенатта Француз даму агенттігі тобының Қазақстандағы қызметінің құқықтық, салықтық және қаржылық шарттарын айқындау мәселесі талқыланды.

Екі мемлекет арасындағы келісімге сәйкес, Француз даму агенттігі елдің денсаулық сақтау саласына 945 мың еуро, Балқаш көлінің жоспарына 1,3 млн еуро, Арал бассейні өңірінің мектептерінде білім беру іс-шараларын жүзеге асыруға 2,4 млн еуро көлемінде грант беруді жоспарлап отыр.

Бұдан бөлек Франция Қазақстанның мемлекеттік және жеке компанияларына 15 жылға дейін ұзақ мерзімді қарыз беруге келісіп отыр.

«Француз агенттігі Қаржы даму институты ретінде негізінен энергетика, көлік, коммуналдық шаруашылықтағы инфрақұрылымдық жобаларды қаржыландырады. Сондай-ақ агенттік инфрақұрылымдық жобалар пулы, оның ішінде сумен жабдықтау, санитария немесе ирригация секторын қаржыландырады», – деді заңды таныстырған депутат Бибігүл Жексенбай.

Сондай-ақ бұл агенттік әйелдер кәсіпкерлігіне арналған кредит желісін ұйымдастырады және осы салаға қатысты жобаларға грант бөліп, техникалық жәрдемдесуге көмектеседі. Ал техникалық жәрдемдесу шеңберінде Француз даму агенттігі Ақтау портын кеңейту және Қазақстанның оңтүстігінде электр желілерін салуға қатысты бірнеше жобаларды да жүзеге асыруға атсалысады.

Еске сала кетейік, Қазақстанда Француз даму агенттігі құру туралы шешім 2023 жылдың қазанында қабылданған болатын. Агенттік «Société de promotion et de Participation pour la coopération Economique» (PROPARCO) еншілес компаниясы және француздық техникалық жәрдемдесуді және шетелде халықаралық сараптамалық білім мен тәжірибені ілгерілетуге маманданған «Expertise France» еншілес компаниясы негізінде құрылды.

Сондай-ақ екі ел арасындағы келісімге сәйкес  ФДА ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлерді қоспағанда, жылжымалы және  жылжымайтын мүлікті сатып алып, оған иелік ете алады, сондай-ақ сотқа жүгіне алады.

Сондай-ақ оқыңыз