Жаңалықтар

Қарағандыдағы марганец кеніштері жабылып жатыр

Темиртауский меткомбинат свернул добычу марганца на месторождении Богач
Кенішті қайта игеру қарастырылып отырған жоқ./temk.kz, бильд-редактор: Милош Муратовский

«Теміртау электрометаллургиялық комбинат» Қарағанды облысы Нұрын ауданындағы Богач, Батыс Богач және Солтүстік-Батыс Богач кенішінде марганец өндіру салдарын жою және топырақты қайта құнарландыру жұмыстарын бастады.

Экопорталда жарияланған құжатқа сүйенсек, ондағы мақсат – заң талабы бойынша, бұл аймақты барынша бастапқы қалпына келтіруге ұмтылу. Төңірегіндегі инфрақұрылым нысандары, құрал-жабдықтар бұзылып, әкетілуі тиіс.

Қазір бұл карьер жұмысы тоқтаған. Өйткені, қожайындарына ешқандай пайда әкелмеген көрінеді. Сондықтан аталған мекеме құзырлы органдарға келісім-шартты мерзімінен бұрын бұзу туралы өтініш жазған. Барлық қажетті келісімдер мен қорытындыларды алған соң, бұл кеніш түбегейлі жойылмақ.

Кенішті қайта игеру қарастырылып отырған жоқ. «Богач» кенішінде 2023 жылдың 1 қаңтарындағы дерек бойынша, 378,3 мың тонна марганец қоры болған.

Бұл жоба бойынша, «Богач» кенін игеру нысандарының бәрі жойылуы тиіс.  Оның аумағы 0,38 шаршы шақырымды алып жатыр. Карьер 300 метр тереңдікке дейін бойлайды. Ал Батыс Богачтың аумағы – 0,11 шаршы шақырым. 50 метр тереңдіктен кен өндірген. Ал Солтүстік-Батыс Богач ауданы 0,11 шаршы шақырым болса, 45 метр тереңдікке дейін қазылған.

Келісім-шарттың мерзімі 2019 жылы 2025 жылдың қыркүйегіне дейін созылған болатын.

Электронды үкімет мәліметінше, «Теміртау электрометаллургиялық комбинат» АҚ құрылтайшысы – Saikan ЖШС мен Жаныкұлов Жұмабек.  Ал Saikan ЖШС иелері Ермек Ашкенов пен Елдос Бимырза.