Қазақстанның депозиттерге кепілдік беру қоры 2024 жылдың 4 мамырынан бері мөлшерлемелер мониторингі есептерінен банктердің атауын алып тастады. KursivМedia сауалына орай, қор мұнысын нарықтағы қатысушыларға қатысты бейтараптықты сақтау үшін жасалғанын мәлімдеген.
Қордың жауабына қарағанда, бұл өзгерістің басқа да бірнеше себебі бар. Біріншіден, есептерде банктердің аты аталуы кейбір қаржы ұйымдарының жарнамасы немесе пиары ретінде қабылдануы мүмкін.
Екіншіден, есеп мөлшерлеме қарқынын сараптауға арналған. Салымшылар мен сарапшыларға депозит түрлері бойынша орташа мөлшерлеме, ең жоғарғы және ең аз мән туралы мәлімет береді. Сонымен қатар, сарапшылардың болжамы көрсетіледі.
Қазақстанның депозиттерге кепілдік беру қорының дерегінше, депозит мөлшерлемелері салымшылардың таңдауына ықпал ететін жалғыз фактор емес. Сауалнама қорытындысына қарағанда, клиенттерді ақша алу және толықтыру талаптары (35%), банктің беделі (32%), және мобильді банкингтің (23%) қолайлылығы қызықтырады.
Мамыр айында Қазақстанның депозиттерге кепілдік беру қоры депозиттер мөлшерлемесі туралы есепте банктерді саралап көрсеткен еді. Соңғы мәліметтер бойынша, мерзімсіз депозиттердің мөлшерлемесі 14 банкте өзгеріссіз қалған. Тек Home Credit Bank (14,5%-дан 15%-ға) пен Bank RBK-да (14,2%-дан 14,3%-ға) көтеріліпті.