Сириядағы «Хайят Тахрир аш-Шам» атты қарулы топ Қазақстандағы террорлық ұйымдардың тізбесіне кірмеген. Оның құрамында еліміздің азаматтары туралы нақты ақпарат жоқ. Бұл жөнінде Сыртқы істер министрінің орынбасары Әлібек Бақаев мәлімдеді.
Вице-министр «Хайят Тахрир аш-Шам» туралы сауалға жауап бере келе, «Талибан» террорлық ұйымы тізімінен шығарылғанда, қандай жайттың назарға алынғаны туралы да түсініктеме беріп кетті.
«Сириядағы жағдайды мұқият бақылап отырмыз. Ең алдымен, Біріккен Ұлттар Ұйымының шешімдерін қадағалаймыз. «Талибанды» терроршы ұйымдардың тізімінен алып тастауға келсек, БҰҰ құжаттарында «Талибан» террорлық ұйым болып көрсетілмеген. Біздің шешіміміз бірінші кезекте өзіміздің дербес сараптамамызға негізделеді. Сол себепті тану-танымау мәселесі туралы сөз қозғауға әлі ерте. Біз қазір Сириядағы, жалпы Таяу Шығыстағы жайттар зерделеу кезеңінде тұрмыз», – деді Әлібек Бақаев.
Вице-министр Сириядағы соңғы оқиғаларға байланысты Астана процесінің рөліне тоқтала кетті. Оның пікірінше, Астана процесінің орны ерекше.
«2017 жылдан бері Астана процесі 22 рет өткізілді. Өз басым бұған оң баға берер едім. Өйткені Астана процесі қантөгісті, азаматтық соғысты тоқтата алды. Біздің және кепілдік беруші елдердің көмегімен үкімет пен оппозиция өкілдері бір үстел басында отырды. Бұл – біздің дипломатиямыздың басты миссиясы. Ахуал барынша бейбіт түрде шешілуі үшін алаңқай жасалды», – деді вице-министр.
Әлібек Бақаевтың айтуынша, Астана процесі Сириядағы жағдайдың тұрақтануына үлкен үлес қосқан. Ал таяуда болған жағдайларға Астана процесінің тікелей қатысы жоқ. Себебі бізде өткен процестің Сирия мәселесінің бейбіт түрде шешілуіне бағытталған. Болашақта Астана процесіне қажеттілік болса, Қазақстан тараптардың басын қосатын алаңқай болуға әзір.
Сонымен қатар сыртқы істер министрінің орынбасары Оңтүстік Кореядағы қазақстандық мигранттарға қатысты да пікір білдірді.
«Оңтүстік Корея мен Қазақстандағы визасыз режим алынып тасталған жоқ. Қазақстандықтар бұл елге барып жатыр. Оңтүстіккореялықтар да визасыз Қазақстанға келе алады. Ал Оңтүстік Кореяның миграциялық заңдарын бұзған қазақстандық мигранттарға келсек, оларды елден шығаратын болар. Бұл жерде біздің азаматтардың кінәсі бар екенін айта кету керек. Олар визалық режим бұзылғанын білсе де, Кореяда қалғысы келеді», – деді ол.
Вице-министрдің сөзіне қарағанда, мұндай жағдайлар мигранттардың өздеріне де, Кореяға барып, жұмыс істегісі келетін басқа қазақстандықтарға да кесірін тигізеді.