Кейбір ата-ана балаларын бір секунд болса да тыным бермей, өз бетіне жібере алмайды – өміріне араласып, барлық нәрсені өз бақылауында ұстағысы келеді. Тәрбие берудегі мұндай әдістің соңы жақсылықпен аяқталуы екіталай. Kursiv Media гиперқамқорлық деген не екенін зерттеп, оның балалармен қатар ата-аналарға кері әсер ететінін түсіндіреді.
Гиперқамқорлық деген не?
Гиперқамқорлық – бұл ата-ана тарапынан баланың өміріне шамадан тыс қамқорлық пен бақылау. Мақалада біз шамадан тыс қорғау дегеніміз не, оның себептері мен салдары қандай екенін, сондай-ақ бұл мәселені қалай шешуге болатынын егжей-тегжейлі қарастырамыз.
Мысалы, баланың анасы бала бастауыш сыныпты бітіргенше оның оқу жабдықтарын түгендеп, сөмкесін әзірлейтінін айтып тұрып алуы мүмкін немесе әкесі үнемі сабағын қатаң бақылап, балаға өз бетінше хобби таңдауға мүмкіндік бермей қоюы мүмкін.
Гиперқамқорлықтың қандай белгілері бар?
Шектен тыс қамқор ата-аналар, әрине, көп жағдайда балаға жақсы болсын деген жақсы ниетпен әрекет етеді. Алайда көп жағдайда бұл әрекет балаға зиян келтіріп жатады. Гиперқамқорлықтың мынадай негізгі белгілері бар:
- Үнемі бақылу. Ата-ана баланың өмірінде не болып жатқанынан хабардар болуға, тіпті ұсақ-түйекке дейін біліп отыруға тырысады. Мысалы, мұндайда ата-ана баланың кімге не үшін хабарласып, не туралы сөйлескенін немесе әлдекімге неліктен хат жазғанын бүге-шүгесіне дейін сұрап, үнемі есеп беруін талап етуі мүмкін.
- Жеке шекараның болмауы. Мұндайда балаға өз бетінше шешім қабылдауға немесе өз бетінше ойланып, жалғыз қалуға мүмкіндік берілмейді. Ата-анасы баланың бөлмесіне есік қақпай кіріп, оның жеке шекарасы болуы керек екенін ескермеуге тырысады.
- Шектен тыс көңіл бөліп, қамқор болу. Ата-ана баланы түрлі қиындық пен мәселеден қорғап отырады, қиындықпен бетпе-бет келіп, өз бетінше мәселенің шешім жолын табу мүмкіндігінен айырады. Мысалы, ата-ана баласының үй тапсырмасын орындайтынын айталық. Бұл – ең қарапайым мысал. Мұндайда ата-ана іштей баласының өмірін «жеңілдетіп» жатырмын деп ойлауы мүмкін. Алайда жылдар өткен соң мұның кері әсер беретінін ойлай қоймайды.
- Баланың өз алдына бөлек адам екеніне, өздігінен өмір сүре алатынына сенбеу. Ата-ана балаға жаңа нәрсені көріп, қателесуіне мүмкіндік бермейді. Айталық, жасөспірім шақтағы баланы жалғыз өзін дүкенге жібермейді. Мұндай ата-ана балам таңдау жасаудан қателесе ме деп қорқады.
- Баланың жеке мәселесіне қол сұғу. Кейде ата-ана мүлдем араласпауы керек нәрсеге араласып, жөнсіз кеңес беруі де үмкін. Мысалы, балаға кіммен дос болып, кіммен дос болмау керегін айтып, оның құрдастарына қатысты өз ойын таңып, өз көзқарасын тықпалауға тырысатын жағдайлар болады.
Гиперқамқорлық неден болады?
Ата-ананың гиперқамқор, балаға шектен тыс көңіл бөлгіш болатынына бірнеше нәрсе әсер еткен болуы мүмкін. Мамандар әдетте жеке себептер бойынша, қорқыныштары мен травмаларының кесірінен немесе мінез ерекшелегінен де көп ата-ана баласына тыным бермейтін маазсыз болады деп жатады. Гиперқамқорлықтң негізгі себептерін талдап көрейік.
Ата-ананың үрейшеңдігі, мазасыздығы – мамандар айтатын бірінші себеп. Баланың қауіпсіздігі үшін қорқып, уайымға салыну – ата-аналарды балаға шектен тыс қамқор болуға итермелейтін негізгі факторлардың бірі. Бірақ бұл балаға көп жағдайда кері әсер етеді. Мұндайда ата-ана баласының қоғамға сіңісіп кетуіне кедергі келтіруі мүмкін. Себебі жол апатына түсіп қала ма деген қорқыныштан, баласын мектептегі экскурсиялық турға жібермей қалатын ата-аналар да бар. Балаға қамқор болу – ата-ананың негізгі жауапкершілігі. Алайда рационал ойлап, шектен тыс кетпеуге тырысу қажет.
Перфекционист ата-аналар
Перфекционистік немесе мінсіз болуға ұмтылу – адамның мұндай жеке қасиеті де гиперқамқор болуға итермелейді. Перфекционист ата-аналар баласы да мінсіз болса екен деп, осы үшін жасалуы қажет барлық іске жауапкершілік алып алады. Сөйтіп баланы миллион түрлі үйірмеге жазып, бәріне баруға мәжбүрлейді. Әрине, ата-ана мұндайда «баланың қабілетін ашып жатырмын» деп ойлауы мүмкін. Алайда балалар психологтары қабілет ашарда ауыртпалыққа мән берген жөн екенін жиі айтады. Себебі бала – ең әуелі бала. Ол құрдастарымен ойын ойнағанда да дамиды. Ал, үйріме, әрине жақсы. Бірақ, ең әуелі баланың қызығушылығына және бұл үйірмеге баруға қаншалық икемді әрі ынталы екеніне мән беру керек.
Ата-ананың жеке тәжірибесі, қандай жағдайда өсіп-жетілгені мен көрген өмірі де оның өз баласын тәрибелеу әдісіне тікелей әсер етеді. Бала шақтан ата-анасынан қамқаорлық көрмеген немесе тым қатал жағдайда өскен адам осының орнын өз балалары арқылы толтыруға тырысуы мүмкін. Мысалы, бала шақта мейірім мен қолдау көрмеген әке баласын ең ұсақ деген қиындықтан да қорғап отырғысы келуі мүмкін.
Ата-ананың баласына шектен тыс қамқор болатынының тағы бір себебі ретінде қоғамдық қысымды да айтуға болады. Заманауи қоғам кейде ата-анаға баланың өмірінен үнемі хабардар болу қажет, бәрін біліп отыру керек деген ойды таңып, тіпті кей нәрсені білмесе сынайтындай болады. Қарапайым ғана мысал: мессенджердегі ата-аналар чатының өзі асқа ата-ананың бәрі балаларын үнемі бақылауда ұстап отырғандай және өзге ата-ананың бәрінен осыны талап ететіндей алдамшы әсер береді.
Ата-ананың гиперқамқор болғаны неліктен дұрыс емес?
Балаға шектен тыс көңіл бөліп, оны қамқорлықпен «тұншықтыру» бала үшін де, бүкіл отбасы үшін де кері әсер етеді. Ең әуелі бала өз бетінше шешім қабылдай алмайтын болады, ересек ортаға барғанда өзін бөлек тұлға сезінуі де қиынға соғады. Шектен тыс көңілге шомылып өскен балалар әдетте өскенде өз-өзіне жауапкершілік ала алмайтын болады. Ондай балалар үшін үнемі ата-анасы шешім қабылдаған, іш киімінен бастап сырт киіміне дейін, не жеп, нені жемейтінін де ата-анасы шешкеніне үйреніп қалған бала өзгелердің пікіріне тәуелді болып қалады. «Нені қалайсың?» деген сұраққа антарылып тұрып қалатын болады. Мұндай балалар қиындықпен алғаш рет жоғары оқу орнына түскенде, студент болып, ата-анасынан жырақ кеткенде бетпе-бет келеді. 18 жасқа толған шақта бұл үлкен стресс болуы мүмкін. Сондықтан, гтперқамқорлық белгілерін байқасаңыз, барынша ерте қимылдаған жөн.
Сонымен қатар ата-анасы шектен тыс қамқор боп өсірген бала уайымшыл болу бек мүмкін. Ата-ананың үнемі бақылауынан, қысым көрсеткенінен бала өз-өзіне сенімсіз болып, болашаққа да үрейлене қарауы мүмкін. Мұндай жағдайда өскен адам кейін кішігірім өзгерісті де қауіп көріп, жөнді-жөнсіз уайымға салына беретін болады. Ал бұл адамды психологиялық ауыртпалыққа ұшыратады.
Мұндай отбасыда өскен бала есейген шақта адамдармен қарым-қатынас құрғанда қиналуы мүмкін. Ол адамдар әдетте теңқұқықты қарым-қатынас құра алмай әлек болады. Мысалы олар өздеріне серігіне щектен тыс тәуелді сезінуі мүмкін немесе керісінше, өзі өскен отбасы моделін қайталап, жұбын қатаң бақылауда ұстауға тырысуы да мүмкін.
Бұған қоса отбасында гиперқамқорлық көріп өскен адамдар кейін жаңа ортаға бейміделуге қиналып жатады. Себебі олар өзгерістерді ұнатпайды, стресс жағдайларында сасып қалады. Үнемі ата-анасының қолдауымен өмір сүріп келген бала алғаш рет жұмысқа тұруы қажет болғанда жай ғана әңгімелесуге барудан да қорқып, қашқақтап жүріп алуы мүмкін. Себебі ол бетін қайтара ма деп қорқады және тағы басқасы.
Гиперқамқорлық соңы немен аяқталуы мүмкін?
Гиперқамқорлық адам өміріне ұзақ перспективалы негізде кері әсер етеді. Мұндай жағдайда өскен балаға кейін мәнсап құрып, белгілі бір кәсіби жетістікке жету де қиынға соғады. Үнемі өзгелерден көмек күтіп жалтақтап тұратындықтан, олмаса, өз күшіне сенбеген соң, жауапкершілік алуға батылы бара бермей мәнсап баспалдағынан көтеріле алмай көп жүріп қалуы мүмкін. Ал өз-өзіне сенімсіздік қалай пайда болады десеңіз, ата-ананың балаға шектен тыс көңіл бөлуі бұған тікелей әсер ететінін ескерген жөн. Үнемі бақылау, орнына шешім қабылдау балаға «Менде бірдеңе дұрыс емес екен, өзім шешім қабылдасам, жаңыламын» деген қате ұстанымдарды таңып, іштей өзіне деген сенімсіздік сезімін тудырады. Бұл кейін оның өміріінң барлық саласына теріс әсер етеді. Жеке қарым-қатынас құру да есейе келе қиындай түседі. Себебі анасынан асқан қамқорлық көріп өскен қыз есейгенде жолдасы да оған тура солай көңіл бөледі деп ойлап, мәңгі бала позициясында қалып қоюйы да мүмкін.
Мәселені бұған жеткізбеуге бола ма?
Балаға қамқор болу, оны махаббатпен өсіру – расында, ата-ананың парызы. Алайда мұның бәрін шектен асып кеткенде кері реакция береді. Алайда мақаладан өзін танып, баласына осы күнге дейін шектен тыс қамқор болып жүрген ата-аналар бар болса, әлі де кеш емес. Көп жыл өткен соң гиперқамқорлықтың салдарымен күресіп отырмау үшін, психологтар алдын алу бойынша бірнеше кеңес берді.
- Балаға еркіндік беріңіз. Оның өз бетінше шешім қабылдап, өмір сүруді қателесе жүріп үйренуіне мүмкіндік беріңіз. Бала қай спортпен айналысатынын, қай үйірмеге барғысы келетінін, қандай түсті жейде кигісі келетінін өзі шешсін. Бәрі осыдан басталады.
- Тыңдаңыз және қолдаңыз. Баланы тыңдап, айтқанына құлақ түріп, қалауына құрметпен қараудың маңызы зор. Өз пікіріңізді таңбаңыз. Сіз үшін не дұрыс екенін есек адамша түсіндіруге тырысып, артынша өзі талдап, ортақ, ол үшін дұрыс шешім шығаруына мүмкіндік беріңіз. Ойы әлі де қате деп есептесеңіз, дұрысын түсіндіріп көріңіз. Алайда, әуелі оның ойы неліктен дұрыс емес болып көрініп тұрғанын да бір ойланыңыз. Бәлкім, жай ғана сізге ұнамай тұрған болар? Оның ойы оған зиян келтіре ме? Өзгелерге ше? Ешкімге зинсыз болса, өз ойында қалуына мүмкіндік беріңіз. Сонымен қатар бала кейде ақыл-кеңес естігісі келмеуі мүмкін. Кейде оған да жай ғана тыңдайтын құлақ қажет болуы мүмкін. Сондықтан кейде өзі сұрамайынша кеңес бермеген де жөн.
- Балаңызға сеніңіз, сенім артатыныңызды көрсетіңіз. Ата-ана – бала өміріндегі негізгі тұлға, олар оның басты қаһармандары. Ал ондай адамдардың оған сенім артқаны бала бойындағы өзіне деген сенімділікті арттырады. Бұл оның ортада өзін қалай ұстайтынына де әсер етеді.
- Шектен тыс қамқорлықтан ада болыңыз. Қамқорлық пен еркіндік беру арасындағы тепе-теңдікті табуға тырысыңыз. Мысалы бала қиналып жатса, көмектесіңіз, алайда ұсақ-түйек іске де араласып кете бергенді қойыңыз. Өзі істесін.
- Көмек сұраудан қысылмаңыз. Бала тәрбиеленде шамадан тыс қамқор болып жүргеніңізді байқап жүрсеңіз, ештеңе істей алмай жатсаңыз, психологқа жүгінген артық болмайды. Маман әрекетіңіздің себебін анықтап, оңтайлы шешім табуға тырысады. Осылайша өзіңізді де, балаңызды да түрлі травмадан аман алып қала аласыз.
Қорыта айтқанда
Психологтар гиперқамқорлық тек балаға емес, ата-анаға да зиян екенін жиі айтады. Ата-ана өз-өзімен жұмыс істей отырып, балаларымен сау қарым-қатынас құра алады. Әрине, ешкім ешкімге өмір сүру дағыдалырын, қалай дұрыс өмір сүру керек екенін үйрете алмайды. Алайда ата-ана – балаға жол нұсқаушы, бағдар беруші. Бірақ бала да ата-анасы үшін тәрбиеші. Сондықтан қатені көріп, өз-өзіңібен жұмыс істеуге ешқашан кеш емес. Сау ата-ана сау отбасын қүрады. Ал сау отбасы – сау әрі қауіпсіз қоғамның тірегі.