Еуроодақтың Киевке беретін көмегі қашанға дейін жалғасады?
Еурокомиссия Киевке қаржылай көмек ретінде 4,1 млрд еуро аударды. «Нәтижесінде украиналық үкіметке берілген жалпы қаржыландыру көлемі 16,1 млрде еуроға дейін өсті», – деп жазылған Еурокомиссия жариялаған құжатта.
Қаржы аударылмас бұрын Еурокомиссия Киевтегі реформа көрсеткіштерінің орындалуына қанағаттанарлық деген баға берді. Осыдан кейін ғана Еуроодақ кеңесі Украинаның төлем алу деген өтінішін қанағаттандырған. Брюссельдің атап өтуінше, аталған реформалар іскерлік орта, еңбек нарығы, аймақтық саясат, энергетикалық нарық, қоршаған ортаны қорғау және жемқорлықпен күрес деген салаларға қатысты.
2024-2027 жылдар аралығында Еуроодақ Украина қорына грант пен кредит түрінде тағы 50 млрд еуро бөлу жоспарланған. Ол қаржы макроқаржылай тұрақтылықты және ЕО-ға кіру жолындағы негізгі реформаларды іске асыру үшін жұмсалады.
Бұған дейін Еуроодақ Украинаға 100 мыңға дейін сарбаз жіберу мәселесін талқылаған еді. Reuters мәліметінше, ол әскер бейбіт келісім жасалған соң жіберілуі мүмкін. Әскери сарапшылар да бұл деректі растап отыр.