Соғыс басталғаннан кейін еуропалық импортерлер Ресейдің газы мен мұнайынан бас тартып, балама энергия көздерін іздей бастады. Кейбірі энергия тұтыну көлемін азайтты. Бірақ әлі дер Ресей Еуропа үшін көгілдір отын жеткізетін басты экспортер ретінде қалып отыр. Еуроодақтың 2027 жылға дейін ресейлік отынға тәуелділіктен құтыламыз деген жоспарының орындалуы қиын деп жазады Bloomberg.
1970 жылы КСРО мен Батыс Германия «газ бен құбырды айырбастау» туралы мәмілге қол қойды. Неміс зауыттары ресейлік газды Батыс Еуропаға жеткізу үшін мыңдаған шақырым құбыр жеткізіп берді. Осыдан кейін энергетикалық ағым өсе берді, Германияға келетін көгілдір отынның жартысынан астамы және мұнайдың үштен бірі Ресейден келетін.
Бірақ Ресейдің Украинаға соғыс ашуына байланысты жағдай өзгерді. Соңғы жылдары Германия, басқа еуропалық елдер жел және күн энергиясына өте бастады. Бірақ жел соқпай, күнді бұлт басқанда ресейлік газ басты энергия көзі болып қала беретін.
Еуропа ресейлік газды әлі де пайдалана ма?
Bruegel атты брюссельдік сараптама орталығының мәліметінше, Еуропалық одақтағы ресейлік отын импортының үлесі 2023 жылдың соңында айына 1 млрд долларды құраған. 2022 жылы бұл көрсеткіш айына 16 млрд долларға тең еді. Еуропалық комиссия мәліметінше, 2023 жылы ЕО-дағы газ импортының 15%-ы Ресейдің үлесіне тиесілі еді. Бірінші және екінші орынды Норвегия (30%) мен АҚШ (19%) бөлісіп алды.
Ресейлік газдың басым бөлігі Украина мен Түркия құбырлары арқылы келеді. Ең ірі сатып алушылар – экономикасы көгілдір отынға байланған Австрия, Словакия және Венгрия.
Испания, Франия, Бельгия және Нидерланды сияқты елдер де ресейлік сұйытылған газды импорттауды жалғастырып жатыр. Оның бірі бөлігі басқа құбырлар жүйесінен келетін газбен бірігіп, Германияға жеткізіледі. Ресейлік газдан құтыламыз деген уәдесіне қарамастан Берлин әлі пайдаланып отыр деп жазады Bloomberg мамандары.
Және Еуропаның бас тартуы да қиындау. Еуропалық корпорациялар әлі де ресейлік энергетикаға инвестиция салуын тоқтатқан жоқ. Француз TotalEnergies SE компаниясы ресейлік «Ямал СПГ» жобасының акционері болып отыр. Испандық Naturgy Energy Group SA компаниясы Ямалдан сұйытылған газ сатып алу туралы 20 жылдық шартқа отырды.
Бірақ барлығы бірдей емес. Словакия мен Венгрия балама энергия көздерін іздеп жатқанын мәлімдеді. Ұлыбритания мен Балтық елдері де көгілдір отын импортын тоқтатуға шешім қабылдады. Ресейлік алпауыт «Газпромның» қызметін ұзақ уақыттан бері пайдаланатын немістің Uniper SE компаниясы мен австриялық OMV AG арадағы келісім-шартты тоқтатты.
Қазіргі жағдай қандай?
2023 жылы жағдай өзгерді. UBS Group AG мәліметінше, Еуропадағы газға сұраныс қаңтар мен тамыз аралығында бір жыл бұрынғы деңгеймен салыстырғанда 20% азайған.
2022 жылы энерготасымалдаушылар бағасы 20 есеге жуық өсті. Кейбір еуропалық зауыттар өндірісті тоқтатып, көлемін азайтуға мәжбүр болды. Кей шағын кәсіпорындар тіпті жабылып қалды.
Сол уақыттан бері баға өзгерген тәрізді, бірақ әлі де жоғары болып отыр. Бұл Еуропаның кейбір салаларының бәсекеге қабілеттілігіне теріс әсер етті. Дәл қазір неміс Volkswagen AG, BASF SE тәрізді өндірушілер энергияның қымбат болуынан қиындық көріп отыр.
Энергия бағасы өскендіктен үй шаруашылығында да дағдарыс байқалады. Көпшілігі үшін энергия төлемі қосымша шығынға айналды. Еуропалық комиссия мәліметінше, 2023 жылы ЕО азаматтарының 11%-ы үйін жылыта алмаған.