Петропавл қаласында 15 мың доллар пара алғысы келген экономикалық сот төрағасы ұсталды
19 желтоқсан күні СҚО мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотының төрағасы пара алып жатқанда ұсталды. Операцияны ҰҚК мен Сот әкімшілігі бөлімі жүргізді. Экономикалық сот төрағасы істі бұрмалау үшін 15 мың доллар сұраған.
«2024 жылғы 19 желтоқсанда Ұлттық қауіпсіздік комитеті мен ҚР Сот әкімшілігінің Петропавл қаласы бойынша Ішкі қауіпсіздік бөлімінің бірлескен іс-шарасының нәтижесінде Солтүстік Қазақстан облысының мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотының төрағасы Б., соттың мүдделі тұлғаның пайдасына оң шешімі үшін 15 мың доллар сомасында ірі көлемде пара алу кезінде қылмыс үстінде ұсталды», – хабарлады Жоғарғы соттың баспасөз қызметі.
Жақында Антикор Ақтау қаласы сотының төрағасын тергеу аяқталғанын мәлімдеді. Сот орындаушысы оның сыбайласы деп танылған. Екеуі сотқа тартылған азаматтан 20 млн теңге пара беруді талап еткен. Бас прокуратура істі аяқтады. Енді күдіктілер заң алдында жауап береді.