Жаңалықтар

Ресей мұсылмандары діни басқармасы ер адамдардың көп әйел алуына рұқсат етті

шариғат жолымен неке
Ресейдегі мұсылмандар діни басқармасы көп әйел алуға қатысты пәтуа шығарды / shutterstock

Ресей мұсылмандары діни басқармасы шариғатқа сай төрт әйел алуға рұқсат етті. Ең бастысы ер адам әйелдеріне тең қарауы керек. Ғұламалар кеңесі ресми пәтуаны жариялады.

«Ер адам бір уақытта екінші, үшінші, тіпті төртінші діни неке қиюға болады. Әйелдің денсаулығына байланысты бала көтере алмауы, репродуктивті жасының аяқталуы немесе басқа да объективті себептер болғанда, рұқсат етіледі. Сонымен қатар зайыбының бала туудан бас тартуы сияқты фактілер де ескеріледі», – деді Ресей Федерациясы Мұсылмандары діни басқармасы төрағасының орынбасары, Мәскеу мүфтиі Шамиль Аляутдинов.

Діни неке куәлігі берілген соң, ер адам қамқорлығына алған әйелінің балаларын да асырауға міндетті. Оған қоса тағы да шаңырақ көтеретіні жайында бәйбішесіне ескерту керек.

Сондай-ақ мұсылман азамат әйелдерінің әрқайсысын баспанамен қамтуға тиіс. Егер оған шамасы келмесе, тағы да неке қиюына тыйым салынады.

Қазақстанда да көп әйел алу мәселесі қоғамда жиі талқыланады. ҚМДБ жария пәтуа бермесе де, мешіттерде имамдардың неке қиятыны жөнінде жиі айтылады.