«Қазақмыс» корпорациясының жұмысшылары кен орындарына оралады. Бұл жөнінде компанияның баспасөз қызметі хабарлады.
«Жұмыс беруші тарапынан жан-жақты түсіндіру мен келіссөз жүргізудің нәтижесінде 19 желтоқсан сағат 20:00-дегі жағдай бойынша Саяқ, Жайсаң кеніштері мен Жезқазған мыс қорыту зауытының штаттық режимдегі жұмысы қалпына келтірілді. Бұған дейін аты аталған кеніштер мен зауыт жұмысшылары әріптестерін қолдау мақсатында жұмыстарын тоқтатқан болатын», – деп мәлімдеді «Қазақмыс» корпорациясы.
Екі күндік ереуіл өзара мәмілемен аяқталды. «Жұмыс беруші мен жұмысшылар еңбек жағдайы бойынша ортақ келісімге келді», – деп түсіндірді компания.
Сәтбаев қаласында «Қазақмыс» кеншілері жалақысына, жұмыс жағдайына көңілі толмайтынын айтып бас көтерген еді. «Қазақмыс корпорациясы» ЖШС басшылығы олармен бірнеше рет келіссөз жүргізуге мәжбүр болды. Еңбек министрілігі жұмысшыларға заң бұзды деп кінә тақты. Бұған дейін компания өкілдері кеншілердің талабын орындай алмайтындарын мәлімдегенімен, одан кейін өз ұстанымдарын жұмсартты.