Кванттық компаниялардың акциялары құлдырады, АҚШ-та жаңа шатдаун қаупі туындап тұр

Жарияланды
квантовая компания
Кванттық компаниялардың акциялары неге құлдырады / Фото: Shutterstock

АҚШ-тың жалпы ішкі өнімдеріне қатысты мәліметтер қайта қаралып, ұлғайғаны анықталды. Бұл ФРЖ-ға қатаң саясатты ұзақ уақыт бойы ұстануға мүмкіндік береді. Сонымен қатар АҚШ-тың мемлекеттік облигацияларының кірістілігі өсіп келеді. Инвесторлар болашақ төлемдерге күдікпен қарайды. 19 желтоқсанға арналған әлемдік БАҚ шолуына зер салыңыз.

Кванттық компаниялардың акциялары құлдырады

Кванттық компаниялар – жасанды интеллектінің серпілісін алмастыра алатын, қарқынды дамып келе жатқан нарық сегменті. Бұл сегментке инвесторлар тарапынан күмән көбейіп келеді. Investing.com басылымының хабарлауынша, 19 желтоқсан күні бұл сектордағы акциялар белсенді түрде сатылды. Соның нәтижесінде Rigetti Computing компаниясының акциялары 26%-ға, Quantum Computing 37%-ға, D-Wave Quantum 25%-ға, ал Quantum Corporation 39%-ға төмендеді.

Акциялардың күрт төмендеуінің басты себебі – инвесторлардың кванттық есептеу секторындағы жылдам өскен бағалауларға қатысты пікірлерінің өзгеруі. Соған қарамастан осы компаниялар 2024 жылдың басынан бері айтарлықтай өсім көрсетті: Rigetti Computing +700%, Quantum Computing +1500%, D-Wave Quantum +650%, Quantum Corporation +450%.

Қосымша жағымсыз фактор ретінде Citron Research компаниясының осы салаға қатысты сыны айтылды. Олардың сарапшыларының пікірінше, кванттық компаниялардың акциялары «көпіршікте тұр». Жоғарыда көрсетілген өсім көрсеткіштері осыны дәлелдейді.

АҚШ мемлекеттік облигацияларының кірістілігі өсіп келеді

Бейсенбі, 19 желтоқсан күні АҚШ-тың ұзақ мерзімді қазынашылық облигацияларының кірістілігі тағы да артты. Бұл инвесторлардың тәуекел үшін жоғары сыйақы алғысы келетінін көрсетеді. Мәселен, 10 жылдық облигациялардың кірістілігі 4,56%-ға дейін өсті (қыркүйекте бұл көрсеткіш 3,60% болған). Сонымен бірге ФРЖ-ның саясатына аса сезімтал екі жылдық облигациялардың кірістілігі 4,295%-ға дейін төмендеді деп жазды Bloomberg.

Инвесторлар ұзақ мерзімді облигацияларды сатып алуға құлықсыз. Себебі жоғары инфляция мен тұрақты экономика жұмсартуды баяулатады. «Ұзақ мерзімді облигациялардың әлсіздігін ФРЖ-ның қатаң ұстанымы мен ұсыныс мәселесіне қатысты алаңдаушылықпен түсіндіруге болады», – дейді BMO Capital Markets компаниясының АҚШ ставкалары стратегиясы бөлімінің басшысы Ян Линген. Ол 2024 жылдың соңына дейін ұзақ мерзімді қазынашылық облигациялардың кірістілігі өсетінін қосты.

Активтерді басқарушылар негізінен қысқа мерзімді облигацияларға басымдық береді. Себебі Дональд Трамп әкімшілігінің экономикалық бағдарламасы жаңа инфляция толқынын тудыруы мүмкін.

АҚШ-та жаңа шатдаун қаупі туындап тұр

АҚШ-та демократтар мен республикашылар мемлекеттік қарыздың шекті деңгейін ұлғайту туралы келісімге келе алмай отыр деп хабарлады Yahoo Finance. Дональд Трамп заң жобасын сынға алғаннан кейін ол қабылданбай, келісім шарасы қайта басталмақ.

Еске сала кетейік, бұл заң қабылданбаса, қазынашылық аукциондар өткізіп, үкіметтің жұмыс істеуі және мемлекеттік шығындарды қаржыландыру, оның ішінде мемлекеттік облигациялар бойынша төлемдер үшін жаңа қаражат тарта алмайды. Goldman Sachs сарапшыларының пікірінше, «соңғы оқиғалар үкімет жұмысының тоқтау ықтималдығын арттырғанымен, оның ұзаққа созылуы екіталай».

Ең ұзақ шатдаун 2018 жылы орын алған. Ол кезде үкімет 34 күн бойы жұмыс істемей, бұл жағдай қазынаға 3 млрд долларға шығын әкелген. Басқа үзілістер әлдеқайда қысқа болған. Ал экономикалық талдаулар үкімет жұмысы қайта басталғаннан кейін жоғалған қаражаттың АҚШ экономикасына шамамен сол пропорцияда қайтарылатынын көрсеткен.

Goldman Sachs сарапшыларының болжамы бойынша, биыл шатдаун әр апта сайын АҚШ-тың ЖІӨ өсімінің қарқынын 0,15 пайыздық тармаққа төмендетуі мүмкін. Бірақ үкіметтің жұмысы қайта басталғаннан кейін өсім дәл осы мөлшерде қалпына келеді.

АҚШ-тың ЖІӨ мәліметтері қайта қаралды

АҚШ-тың Экономикалық талдау бюросы бейсенбі күні елдің ЖІӨ көрсеткіші 2,8%-дан 3,1%-ға дейін қайта қаралғанын хабарлады деп жазды Bloomberg. Ел экономикасы үшінші тоқсанда тұтыну шығындары мен экспорттың артуы есебінен жылдам өсті.

Тұтыну шығындары 3,7%-ға өсіп, 2023 жылдың басынан бергі ең жоғары көрсеткішке жетті. Экспорт, әсіресе қызметтер есебінен, бұрынғы болжамдарға қарағанда жылдамырақ артты. ЖІӨ-ні құрайтын басқа да компоненттер, соның ішінде бизнес пен тұрғын үйге инвестициялар және мемлекеттік шығындар, жоғары қарай қайта қаралды.

Бұл кейбір сарапшылардың АҚШ экономикасының жақын арада баяулайтыны туралы болжамдарын жоққа шығарады. Сондай-ақ ФРЖ-ға қатаң ақша-несие саясатын ұзақ уақыт ұстануға мүмкіндік береді. Әсіресе еңбек нарығының жаңартылған деректері оның айтарлықтай әлсіреуі туралы ешқандай белгі бермейді. Өткен аптада жұмыссыздық бойынша жәрдемақы алуға өтінімдер саны айдың басындағы күрт өсуден кейін төмендеп, пандемияға дейінгі орташа деңгейлерге жақын қалды.

Сондай-ақ оқыңыз