Кеншілері ереуілге шыққан «Қазақмыстың» табысы қанша?
Кеншілері ереуілдетіп жатқан «Қазақмыс корпорациясы» – миллиардерлер Владимир Ким мен Эдуард Оғайға тиесілі Kazakhmys Copper АҚ-ның еншілес ұйымы. Қарағанды мен Жезқазған өңіріндегі кен орындарында мыс өндіретін компанияның таза пайдасы да артып келе жатқаны байқалады.
Корпорация қанша пайда тапқан?
Kazakhmys Copper-дің 2023 жылғы аудиттелген қаржы есебіне сүйенсек, былтыр 1,3 трлн теңге түсім алып, таза пайдасы 109,5 млрд теңгені құраған. Ал 2022 жылғы таза пайдасы 20,4 млрд теңге болғанын ескерсек таза пайдасы 5 есе өскен. 2024 жылдың 9 айында 63,7 млрд теңге пайда алған.
Корпорация құрамына кіретін кеніштер мен кен байыту зауыттары мыс кенін өндіру мен өңдеу, бағалы металдарды аффинаждау және оларды сатумен айналысады. Мыс өнімдерін негізінен Қытай мен Түркияға сатады. Компания жалпы табысының басым бөлігін катодты мыс сатудан табады.
Қанша салық төледі?
«Қазақмыс»- елдегі ең ірі салық төлеушілердің қатарында. Мемлекеттік кірістер комитетінің дерегі бойынша, корпорация 2022 жылы 109 млрд теңге салық төлесе, 2023 жылы бюджетке 100 млрд теңге аударған. Ал 2024 жылдың 9 айында төлеген салығы 88,6 млрд теңгені құрайды.
Корпорацияның 99,1%-ы «Kazakhmys Copper» АҚ-ға тиесілі. Негізгі бас компаниясы – Астана» Халықаралық Қаржы Орталығында тіркелген Kazakhmys Holding Limited. Түпкі иелері — Владимир Ким (70%) және Эдуард Огай (30%).
«Қазақмыс корпорациясының» кеншілері 17 желтоқсаннан бері наразылыққа шықты. Олар еңбекақыны көбейту, әлеуметттік жағдайды жақсартуды талап етіп отыр. Қазіргі кезде бірнеше кеніштің жұмысшылары жұмысқа шыққанымен, KursivMedia дереккөзі Сәтбаев қаласындағы кен орындарында ереуілдің әлі жалғасып жатқанын, шахталарда 250-ге жуық жұмысшылар әлі отырғанын айтады.