22 млрд доллар актив бұғаттан шықты: ағайынды Статилер Ұлттық қорға қатысты талаптарынан бас тартты

Жарияланды
Business News бөлімінің редакторы
Коллаж: kursiv.media, бильд-редактор Ахтам Зиперов

Ағайынды Статилер тарапы Ұлттық қор активтеріне қатысты талаптарынан бас тартты. Бұл туралы Ұлттық банк мәлімдеді.

Бұған дейін Қазақстан мен молдован кәсіпкерлері Анатол және Габриэль Стати арасындағы 14 жылдық дауға түпкілікті нүкте қойылғаны хабарланған.

«Реттеу нәтижесінде Қазақстан Ұлттық Банкі Стати тараптарының Қазақстан Республикасы Ұлттық қорының активтеріне қойған талаптарынан бас тартуына және Швецияда қамтамасыз ету шараларының ықпалында болған Қазақстан Республикасы Ұлттық қорының активтерін өз иелігіне қайтаруға қол жеткізді», – делінген хабарламада.

Ұлттық банкте бұл даудың шешілуі Ұлттық қордың операциялық икемділігін арттыруға және инвесторларды тартуға жаңа мүмкіндіктер ашатынын, бұл өз кезегінде Ұлттық қордың ұзақ мерзімді табыстылығын жақсартатынын атап өтті.

Алайда қос тарап қандай шарттарда келісімге белгісіз. Әділет министрлігі де, Ұлттық банк те «мәміле шарттары құпия» екенін атап өткен.

Молдован кәсіпкерлері Анатол (әкесі) мен Габриэль (ұлы) Стати Қазақстанмен 14 жыл бойы соттасып келді. 1999 жылы Анатолий Статиға тиесілі Tristan Oil Ltd офшор компаниясы Қазақстанның екі мұнай компаниясының акцияларын сатып алған. Осы компаниялар арқылы Стати Маңғыстау облысындағы Боранкөл және Толқын мұнай-газ кен орындарын игерді.

2008 жылы Статиға Қазақстанның салық заңнамасын бұзды деген айып тағылды. Соның нәтижесінде компания басшылары 140 миллиардтан астам теңге заңсыз табыс тапқан. 2010 жылы Толқынмұнайгаз» бен «ҚазПолМұнай» компаниялары «ҚазМұнайГаздың» еншілес ұйымына сенімді басқаруға берілді.

Компанияларынан айырылған соң, Стати өзінің Қазақстанға салған инвестициясын қайтаруды талап етіп, сотқа жүгінген.

2017 жылы Анатол Стати мен оның компанияларының Қазақстан үкіметінің үстінен түсірген арызын негізге алған АҚШ-тың Bank of New York Mellon холдингтік компаниясы Ұлттық қорымыздың 22 млрд долларын бұғаттап тастады.

Сондай-ақ оқыңыз