«Қазақмыс» шахталарында не болып жатыр?

Жарияланды
«Қазақмыс» шахталарындағы ереуіл тоқтаған жоқ/ Фото: коллаж KursivMedia, бильд-редактор Ахтам Зиперов

17 желтоқсанда басталған «Қазақмыс» корпорациясы жұмысшыларының ереуілі толық аяқталды ма? KursivMedia компанияға тиесілі шахталардағы жағдайға шолу жасады.

Сәтбаев жұмысшылары әлі жер астынан шықпады

19 желтоқсан кешке «Қазақмыс»  компаниясы сайтында жұмысшылардың ереуілді тоқтатып, шахталар жұмысын жалғастырғаны жайлы ақпарат шықты.

Бірақ KursivMedia дереккөзі Сәтбаев қаласындағы кен орындарында ереуілдің әлі жалғасып жатқанын, шахталарда 250-ге жуық жұмысшылар әлі отырғанын айтады. Олар келісімге келмей, астында қала беретіндерін айтқан. Шахтерлер талаптарының ішінде  «жалақыға 300 мың теңге қосу, әр тоқсан сайын 185 мың теңге төлеу жайлы» сұрау да бар.

17 желтоқсанда «Жезқазғантүстімет» ӨБ құрамына кіретін Оңтүстік Жезқазған кеніші мен Жыланды кенішінің қызметкерлері уақытша жұмысын тоқтатып, жер астындағы шахталардан шыққан жоқ. Олар компания басшылығына бірқатар талаптар қойған. Соның ішінде жалақыны 100 пайыз көтеру, 13-еңбекақыны 30 пайызға көтеру деген талап бар.

19-желтоқсанда «Қазақмыс корпорациясы» ЖШС басқарма төрағасы Нұрахмет Нуриев қызметкерлермен кездесіп, «13-ші жалақыға» 30 пайыз мөлшерінде үстемеақы қосу туралы талапқа келісті. Бірақ жалақыны 100 пайыз көтеру мүмкін еместігін түсіндірді.

«Нуриев жалақының күрт әрі негізсіз ұлғаюы түптің түбінде компанияның бірқатар кеніштерінің бәсекеге қабілеттілігін жойып, консервациялануына әкелетініне, салдарынан жұмыс орындарының жабылуына әкеліп соқтыратынын атап өтті», – делінген компания баспасөз қызметі таратқан хабарламада.

Жамбылдық кеншілер қолдау білдірді

19 желтоқсанда Жамбыл облысындағы Жайсаң және Шатыркөл, Қарағандыдағы Саяқ кеніші мен Жезқазған мыс қорыту зауытының қызметкерлері де жұмысын тоқтатты.  

 «Бұған дейін жұмысшылар әріптестерін қолдау мақсатында уақытша жұмысын тоқтатқан болатын», – делінген «Қазақмыс» компаниясының хабарламасында. 20 желтоқсанда компания ол кен орнындағы жұмыстар толығымен қалпына келгенін жазды.

«Казахмыс корпорациясы» ЖШС 1997 жылы акционерлік форма түрінде құрылды.  Компанияның 99.1% үлесі «Kazakhmys Copper» компаниясына тиесілі. Компанияға соңғы иелік етуші –  Kazakhmys Holding Limited, «Астана» халықаралық қаржы орталығында тіркелген. 2023 жылдың 31 желтоқсанындағы жағдай бойынша, холдингтің 70% үлесі Владимир Ким мен 30%-ы Эдуард Огайға тиесілі.

Сондай-ақ оқыңыз