Батыс қазақстандықтар бірыңғай уақыт белдеуін қолдаса, шығыстағылар қарсы шықты – зерттеу
Қазақстандықтардың 53%-нан астамы осы жылдың көктемінде елімізде енгізілген Бірыңғай уақыт белдеуіне қарсы шықты. Бұл туралы Demoscope талдаушылары жүргізген сауалнамада белгілі болды. Сауалнамаға қатысқандардың 7%-ы уақыттың өзгеруіне қатысты ешнәрсе білмейтін болып шықты.
«Азаматтардың басым бөлігі (53,1%) бірыңғай уақыт белдеуін қолдамайды. Бұл ретте, 22,1% мақұлдаған, 15,5% немқұрайлы , ал 7,4% бұл туралы ештеңе естімеген», – делінген хабарламада.
Сарапшылар республиканың көп облысында шешімді қолдамайтын азаматтардың үлесі басым екенін атап өтті. Уақыт бір сағатқа кері шегінген облыстарда наразылық айқын көрінеді.
«Шығыс және орталық өңірлер — Абай, Шығыс Қазақстан, Жетісу, Қарағанды, Ұлытау облыстары тұрғындары (74,6%)бірыңғай уақыт белдеуіне қарсы шықты. Қарсылық білдірушілер қатарында алматылықтар (68,4%) мен елордалықтар да (55,7%) бар», — делінген зерттеуде.
Шымкент, Алматы, Жамбыл, Қызылорда және Түркістан облыстарында наразылық шамамен 47,8%. Ақмола, Қостанай, Павлодар, Солтүстік Қазақстан облыстарында 45,3% азамат қарсылық білдірді.
«Бірыңғай уақытқа көшуді жақтаушылар аздап басым болған жалғыз өңір Батыс Қазақстан (Ақтөбе, Атырау, Батыс Қазақстан, Маңғыстау облыстары) болды: 31,8% – өзгерісті қолдаса және 30,6% — қарсы», — деп жазады сарапшылар.
2024 жылғы наурызда Қазақстан бірыңғай уақыт белдеуіне көшті. Бұл халықтың наразылығын тудырды. Азаматтар бұрынғы уақыт белдеуін қайтару туралы петиция бастаған. Сауда министрлігі петицияны қанағаттандырудан бас тартты. Ғылым министрлігі уақыт белдеуінің қазақстандықтардың денсаулығына әсерін үш жыл зерттейтініне уәде берді.
Demoscope қоғамдық пікірдің экспресс-мониторинг бюросы, MediaNet Халықаралық журналистика орталығында құрылған. Жобаны Қазақстандағы Конрад Аденауэр қорының өкілдігі қолдайды.