7 жылға сотталған журналист Думан Мұхамедкәрім этаппен Қызылордаға жіберілді
Қаржылық экстремизм және Қазақстанда тыйым салынған ұйымның жұмысына араласты деген айыппен 7 жылға сотталған журналист Думан Мұхамедкәрім этаппен Қызылорда облысына жіберілді. Ақпаратты KursivMedia тілшісіне журналистің адвокаты Ғалым Нұрпейісов растады.
Адвокаттың айтуынша, Мұхамедкәрім Талдықорғандағы тергеу изоляторынан Қызылорда облысына жіберілген. Алайда жазасын нақты қай мекемеде өтейтіні туралы мәлімет ала алмай отырғанын айтады.
Журналистің этапқа жіберілуіне байланысты KursivMedia ІІМ Қылмыстық-атқару жүйесімен байланысты.
«№ 71 мекемеде (Талдықорған қаласының тергеу изоляторы) құқықтық тәртіпті сақтау мақсатында сотталған адам (Думан Мұхамедкәрім) сот үкіміне сәйкес жазасын одан әрі өтеу үшін ҚАЖ мекемесіне жіберілді», – делінген орган жауабында.
Алайда журналистің нақты қай мекемеге түскені туралы сауалға жауап келмеді. Тек оны этаппен жіберу туралы шешімге прокурор келісімі болғаны расталды.
Айта кетейік, осыған дейін адвокат Ғалым Нұрпейісов Мұхамедкәрімнің Алматы облысындағы Заречный түрмесіне жабылуы керек болғанын айтқан. Алайда соттан кейін ол Қонаев қаласындағы тергеу изоляторынан Талдықорған қаласындағы изоляторға ауыстырылған. Журналист өзін Заречныйға ауыстыру туралы талап қойып, бірнеше рет тамырын кескен.
Қазақстандағы қамауда отырған саяси белсенділердің жағдайы туралы жазған едік.