«Жүк тасымалдау сала ретінде жойылады» – Көлік министрлігі отандық кәсіпкерлерге құлақ аса ма?

Жарияланды
General News бөлімінің редакторы
Жүк тасымалы: бланк алу ережелері қиындай ма?
Жүк тасымалдау: бланк алу ережелері қиындай ма? / Фото: коллаж kursiv.media, бильд-редактор Ахтам Зиперов

Қазақстандық жүк тасымалдаушылар Көлік министрлігінің тасымалдау бланкілерін беру ережесіне енгізген өзгерістерінен қорқып отыр. Бұл туралы олар «Қазақстанда халықаралық автомобиль тасымалдары саласында рұқсат беру жүйесін қолдану туралы» конференцияда айтты. «Атамекен» кәсіпкерлерді қолдау палатасы ұйымдастырған конференцияға Көлік министрлігі мен Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметтің өкілдері қатысып, кәсіпкерлердің жанайқайын тыңдады.

Жүк тасымалдаушылар 15 қаңтардан бастап күшіне енетін өзгерістерге алаңдаулы. Оның ішінде қазақстандық компанияларға тұсау салуы мүмкін бірнеше жағдай бар.

Тасымалдаушылардың сөзінше, Көлік министрлігі алыпсатарлармен күресеміз деп бланкі алу ережесін өзгертіп отыр. Алайда бұл қарапайым компаниялардың жұмысына кедергі келтіреді. Яғни бланкіні қолданбай қалған жағдайда тасымалдаушы қара тізімге еніп, алты жаңа бланкі ала алмауы мүмкін. 

«Мысалы, біздің компания жақын арада Қытайдан Еуропаға жүк тасымалдау керек болды. Жоспар бойынша Франция, Германияны басып өтуіміз керек. Германияға жеткенде Францияда наразылық акциялары басталғанын біліп, айналма жол іздедік. Яғни біз алған француздық бланкілердің қажеті болмай қалды. Жаңа ереже бойынша мен оларды қайтарып берсем, алты ай бойы Франция бланкілерін ала алмаймын. Алайда бұл жағдайда менің қандай кінәм бар?», – деді кәсіпкерлердің бірі.

Ақтөбе облысы тасымалдаушылары атынан сөйлеген кәсіпкердің айтуынша, қазір министрлік бланкі алу жүйесін көлік пен жүргізушіге байлап қойған. Жүргізуші ауырып қалса, көлік бұзылып қалса немесе виза ала алмаса, бланкі күйіп кетеді. Сондықтан бланкіні жеке жүргізушіге немесе көлікке емес, компания атына беруді ұсынды.

«Компания атын өшпейтіндей етіп жазып қойыңыздар. Оны сатуға да мүмкіндік бермеңіздер. Сол арқылы тексеріп отырыңыздар. Мен қолдана алмасам, түсіндіріп қайтарып беремін», – деді кәсіпкер.

Қызылорда облысы кәсіпкерлерінің өкілі министрлік енгізген ережелер бірінші кезекте қазақстандық тасымалдаушыларға шектеу болатынын айтады. Ол облыстағы кәсіпкерлер қазіргі ережелердің сақталуын қалайтынын атап өтіп, биыл өнімді жұмыс істегендерін алға тартты.

«Бұл ережелер әлемдік нарықтағы қазақстандық тасымалдаушылардың санын азайтады. Осының әсерінен білдей бір сала жойылады. Жүргізушілер жұмыссыз қалып, компаниялар жабылады», – деді ол.

Дегенмен шараға қатысқан кәсіпкерлердің барлығы дерлік, өз ойларын айтуға мүмкіндік беріп, тасымалдаушылармен кездескені үшін Көлік министрлігіне алғыс айтты. Ал министрлік тасымалдаушылардың талабын тыңдауға дайын екенін атап өтті. Тек олардың өз талаптарын жинап, құжат түрінде жолдауын сұрады.

Бұдан бөлек, кәсіпкерлер жаңа енгізілген электронды бланкілермен де қиындық барын айтады. Бланк Қазақстан кирилл қарпімен толтырылады да, Қытайға барғанда ондағы әрбір сөзге html код алу керек болады. Бұл тасымалдау уақытын ұзартады.

Айта кетейік, Қазақстан мен Қытай шекарасында шетелдік бланкілерді толтыру электронды форматқа көшкен.

Сондай-ақ оқыңыз