Депутат Асхат Аймағамбетов МӘМС жарнасының көтерілуіне неге қарсы болып отыр?

Жарияланды
General News бөлімінің тілшісі
Депутат Асхат Аймағамбетов МӘМС жарнасының көтерілуіне қарсы / фото: shutterstock

Денсаулық сақтау министрлігі «Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру (МӘМС) мәселелері бойынша кейбір заңнамалық актілерге өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасын ұсынды.

Жаңа өзгерістердің негізгі тармақтары:

  • Жоғарғы шекті мөлшердің ұлғаюы. МӘМС жарналарын есептеу үшін қабылданатын айлық табыстың ең жоғарғы шегі 10 ең төменгі жалақыдан (ЕТЖ) 50 ЕТЖ-ге дейін ұлғайтылады (850 000 теңгеден 4 250 000 теңгеге дейін).
  • Мемлекеттің жарнасы. Жергілікті бюджеттер есебінен ресми түрде жұмыссыз және әлеуметтік дағдарысқа ұшыраған азаматтар үшін МӘМС жарналарын төлеу ұсынылады.
  • Біріңғай медициналық пакет. Қызметтердің қайталануын болдырмау және мемлекеттік кепілдіктер мен МӘМС арасындағы айырмашылықты нақтылау үшін бірыңғай медициналық көмек пакетін енгізу көзделген.

Министрліктің деректеріне сәйкес, қазіргі уақытта 3,5 миллион адам (ел тұрғындарының 17,5%-ы) MӘМС жүйесінен тыс қалып отыр. Олардың ішінде: 2,5 миллион адам – тұрмыс деңгейі жақсы азаматтар. Ал, 1 миллион адам – әлеуметтік дағдарыс деңгейіндегі азаматтар, табысы отбасының базалық қажеттіліктерін қамтамасыз етуге жеткіліксіз.

Бұл азаматтардың МӘМС жүйесіне тартылуы үшін олардың жарналарын мемлекет жергілікті бюджеттен төлеуді ұсынып жатыр.

Мәжіліс депутаты Асхат Аймағамбетов MӘМС-ке байланысты бұл ұсыныстар жұмысшылар мен жұмыс берушілерге теңсіз қаржылық ауыртпалық түсіріп, жүйелі мәселелерді шешпейтінін айтты. Оның пікірінше, бұл реформа емес, керісінше, мемлекет өз міндетін орындамай отыр.

«2025 жылы MӘМС жүйесіне бюджеттен 300 миллиард теңгеден астам қаржы жетіспейтін болады. Бұл мәселе тек қаржы тартумен шешілмейді. Жүйенің шығындарын оңтайландыру мен ашықтықты қамтамасыз ету керек», – деді депутат.

Бұған дейін де, мәжілістегі қоғамдық палатаның отырысында МӘМС мәселелері талқыланған еді.

Депутат Айдос Сарым «MӘМС туралы» заңның 2015 жылы қабылданғанын, содан бері құжатқа шамамен 40 рет өзгеріс енгізілгенін айтты. Бірақ та қанша өзгеріс енгізілгеніне қарамастан, бұл саладағы проблемалар шешілмегенін айтқан еді.

Сондай-ақ оқыңыз