Жаңалықтар

Денсаулық сақтау министрлігі МӘМС жүйесіне қандай өзгерістер енгізбек?

МӘМС жүйесіне қандай өзгерістер енгізіледі? / коллаж: kursiv.media, бильд-редактор: Ахтам Зиперов

Қазақстан Денсаулық сақтау министрлігі 2027 жылға дейін медициналық-санитариялық алғашқы көмек (МСАК) қызметтерін міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру (МӘМС) пакеті аясында ұсынуды көздеп отыр.

Тегін медициналық кепілдендірілген көмекке қандай қызметтер кіреді?

Министрліктің мәліметінше, МӘМС жүйесіне енгізілетін өзгерістерге қарамастан, барлық азамат медициналық көмектің мынадай түрлеріне тегін қол жеткізе алады:

Жедел жәрдем қызметтері; инфекциялық ауруларды диагностикалау және емдеу; әлеуметтік маңызы бар аурулар (туберкулез, онкология, АИТВ, созылмалы гепатиттер және т.б.) кезінде емдеу және дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету, өмірге қауіп төндіретін жағдайларда шұғыл стационарлық көмек, паллиативтік көмек және қан препараттарымен қамтамасыз ету.

Мемлекет балалар, жүкті әйелдер, зейнеткерлер, студенттер, жұмыссыздар және мүгедектігі бар адамдар сияқты 15 жеңілдікті санатқа кіретін 11,9 миллион азаматты сақтандыруды жалғастырады.

Сонымен қатар 2026 жылдан бастап табысы төмен 1 миллионнан астам еңбекке қабілетті азамат жергілікті атқарушы органдар есебінен МӘМС жүйесіне енгізіледі. Қалған азаматтар өздерін дербес сақтандыру арқылы жүйеге қосылуы тиіс.

Еске сала кетейік, бұған дейін мәжіліс депутаты Асхат Аймағамбетов MӘМС-ке байланысты бұл ұсыныстар жұмысшылар мен жұмыс берушілерге теңсіз қаржылық ауыртпалық түсіріп, жүйелі мәселелерді шешпейтінін айтты.