Денсаулық сақтау министрлігі алғашқы медициналық-санитарлық көмек қызметтерін міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру (МӘМС) пакетінен қаржыландыруды көздейтін заң жобасын қоғамдық талқылауға шығарды.
Бұл өзгерістерге сәйкес, алғашқы медициналық-санитарлық көмек кепілдендірілген тегін медициналық көмек (КТМК) пакетінен шығарылып, МӘМС жүйесіне ауысады. Министрлік бұл жаңашылдықтың басты мақсаты – жүйенің қаржылық тұрақтылығын қамтамасыз ету және өзін-өзі жұмыспен қамтыған азаматтарды сақтандыру жүйесіне тарту деп мәлімдейді.
Алайда, МӘМС жарнасы төленбеген жағдайда, әкімдіктер медициналық көмекті жергілікті бюджет есебінен қамтамасыз ететін болады.
Кепілдендірілген тегін медициналық көмек деген не?
Кепілдендірілген тегін медициналық көмек (КТМК) пакетіне мемлекет есебінен көрсетілетін негізгі медициналық қызметтер кіреді. КТМК-ға келесі тегін қазыметтер кіреді:
Жедел және шұғыл медициналық көмек: ауруханаға дейінгі және стационарлық кезеңде өмірге қауіпті жағдайларда көмек көрсету.
Санитарлық-эпидемиологиялық шаралар: Қоғамдық денсаулық сақтау саласындағы алдын алу шаралары мен эпидемиялар, инфекциялық аурулардың таралуын болдырмау.
Әлеуметтік маңызы бар ауруларды емдеу: Туберкулез, қатерлі ісік, психикалық және мінез-құлық бұзылыстары, қант диабеті сияқты ауруларды тегін емдеу. Инфекциялық және паразиттік ауруларды емдеу (мысалы, АИТВ/ЖИТС).
Жүктілік және босану: Жүкті әйелдерге медициналық бақылау және босану кезіндегі медициналық көмек.
Скринингтер мен профилактика: Әлеуметтік маңызы бар ауруларды ерте анықтауға бағытталған профилактикалық шаралар.
Бұл қызметтердің барлығы Қазақстан азаматтары мен ел аумағында тұрақты тұратын шетелдіктер үшін тегін көрсетіліп келеді. Алайда басқа қызмет түрлері МӘМС жүйесі арқылы жүзеге асады.
Cондай-ақ МӘМС-ке байланысты жаңа өзгерістер енгізуіне депутаттар наразылықтарын білдірген еді. Мәжіліс депутаты Асхат Аймағамбетов MӘМС-ке байланысты бұл ұсыныстар жұмысшылар мен жұмыс берушілерге теңсіз қаржылық ауыртпалық түсіріп, жүйелі мәселелерді шешпейтінін айтты.