Жаңалықтар

Оқушылар ҰБТ-ға тіркеле алмай отыр. Ұлттық тестілеу орталығының сайты неге істемей қалды?

Ұлттық тестілеу орталығы сайты неге істемей тұр? / фото: shutterstock

Ұлттық бірыңғай тестілеуге (ҰБТ) тіркелу 20 желтоқсаннан басталды. Алайда үміткерлердің тіркелуінде қиындықтар болды. Ұлттық тестілеу орталығының ресми сайты істемей қалды.

Әлеуметтік желіде бұл жағдай қызу талқыланып, көптеген пайдаланушы тіркелу мүмкін еместігін айтып шағымданып жатыр. Ұлттық тестілеу орталығы бұл мәселеге қатысты әлеуметтік желіде ресми түсініктеме берді. Сайт жұмысы шамамен екі сағат ішінде қалпына келтірілетінін мәлімдеді.

Ұлттық тестілеу орталығы техникалық ақауларды жою үшін барлық қажетті шараны қолға алған.

Айта кетейік, ҰБТ-ға тіркелу 20-30 желтоқсан аралығында жүргізіледі.

Жоғары оқу орнының ақылы бөліміне түсу үшін 11-сынып оқушылары сынақтан өтеді. Бұған дейін шекті балл жинай алмағандар да бағын сынайды.

«ЖОО-ға ақылы негізде шығармашылық дайындықты талап ететін білім беру бағдарламалары тобы бойынша білім алушы және басқа білім беру бағдарламалары тобына ауықысы келетіндер, ақылы негізде басқа білім беру бағдарламалары тобы бойынша білім алушы және «Педагогикалық ғылымдар» білім беру саласы бойынша білім беру бағдарламалары тобына ауысуға ниет білдіргендер тестілеуге қатысады», – деп хабарлады ҰТО.

Сынаққа қатысу үшін 5640 теңге төлем жасауы керек. ҰБТ-дағы пәндер өзгермеген.