«Ішім удай ашиды». Нұрдәулет Қилыбай қабылдауына кіре алмай, өзін өртеп жіберген азаматқа қатысты пікір білдірді
Маңғыстау облысының әкімі Нұрдәулет Қилыбай өз қабылдауына кіре алмай, әкімдік алдында өзін өртеп, қайтыс болған азаматқа қатысты пікір білдірді. Бұл туралы өңір басшысы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте айтты.
«Өкінішке орай осындай жағдай болды. Иманы саламат болсын! Кететін азамат өмірден озып кетті. Мен де адам баласымын, ішім удай ашиды», – деді әкім.
Қилыбай тепсе темір үзетін жігіттің артында 6 баласы жетім қалғанын, сонымен бірге келіншегінің жетіншіге аяғы ауыр екенін атап өтті.
«Кейде менің орныма тұрғындарды орынбасарым қабылдайды. Мәселе былай, орынбасарымның айтқанын, менің айтқаным деп қабылдау керек. Өйткені заң бір, ереже бір. Барлығымыздың қолымызда бір вакансияның тізімі. Әкімнің қолында бөлек вакансиялар тізімі тұрмайды. Меніңше, дін жағынан алатын болсақ, қате кетті. Бұл тыйым салынған дүние. Кімге жаман болды? Шырылдап артында бала-шағасы мен ағайындары қалды», – деді Қилыбай.
Марқұмның отбасына кәсіпкерлер көмектеседі
Өңір басшысы бұл азаматтың артында қалған бала-шағасына жергілікті бизнес өкілдері қолдау көрсетуге ниет білдіргенін, әкімдіктің қолдан келгенше көмек қолын созып жатқанын да атап өтті. Қазіргі уақытта марқұмның отбасы Ақтауға көшуге ниет білдірген.
«Біз бей-жай қарап отырған жоқпыз. Отбасына көмектесіп жатырмыз. Бизнесмендер өз мойнына осындай жүктеме алды. Дейтұрғанмен, қанша жерден көмектессең де, кеткен кісінің орны бос, арыстандай азамат өмірден озды. Оны қайтара алмайсың», – деген өкінішін жеткізді әкім.
Еске сала кетсек, қайғылы оқиға 5 желтоқсан күні болды. Азаматты Қарақиян ауданы әкімінің орынбасары қабылдаған. Алайда әкіммен кездесуді талап еткен өңір тұрғыны, талабы орындалмаған соң, өзін өртеп жіберген. Осыдан бірнеше күн бұрын азаматтың дүниеден озғаны хабарланды.