Астанада LRT желісі 2026 жылдың басында іске қосылады – Жеңіс Қасымбек
Талай жылдан бері құрылысы аяқталмай тұрған Астанадағы LRT желісі 2026 жылдың басында пайдалануға беріледі. Бұл туралы Орталық коммуникациялық қызметте өткен брифингте қала әкімі Жеңіс Қасымбек айтты.
Әкім LRT құрылысы осы жылы белсенді жүргізілгенін және бірқатар жұмыстардың аяқталғанын атап өтті.
«Біз эстакадаға қатысты жұмыстардың барлығын аяқтадық. Инфрақұрылымы келесі жылы жазда дайын болып қалады. Дәл қазіргі уақытта рельстер салынып жатыр. Бірінші пойыздар тамызда жеткізіле бастайды. Күзге қарай жалпы, 15 пойыз құрамы жеткізілмекші. Пойыз құрамдары техникалық мақсатта келесі жыл соңында іске қосылып, тексеріле бастайды. Ал 2026 жылдың басында LRT желісі пайдалануға беріледі», – деді әкім.
Әкім пойызда жүру билетінің құны қанша болатынын нақтыламады. Бірақ жолақысы қымбат болмайтынын жеткізді.
Еске сала кетсек, 2023 жылдың маусымында Жеңіс Қасымбек LRT құрылысына бір жылда 50 млрд теңге бөлінгенін, ал құрылыстың бірінші кезеңін жүзеге асыру үшін шамамен 500 слрд теңге қажет болатынын айтқан еді. Сондай-ақ әкім бірінші кезеңде LRT желісінде 8 станция іске қосылатынын мәлімдеді.