2025 жылдан мобильді аударымдарды тексеру арқылы заңсыз кәсіпкерлер анықталады

Жарияланды
мобильді аударым
2025 жылдан бастап 100-ден аса адамнан алынған мобильді аударымдар тексеріледі / Коллаж: kursiv.media; бильд-редактор: Ахтам Зиперов

Екінші деңгейлі банктер 2025 жылдан бастап Мемлекеттік кірістер комитетіне жеке азаматтардың қаржылық операцияларына қатысты мәліметтерді жіберіп отырады. Егер кімде-кім 3 айдың ішінде 100 түрлі адамнан мобильді аударым алған болса, ол азаматтар камералдық бақылауға алынуы мүмкін. Бұл туралы Мемлекеттік кірістер комитетінің жалпы декларациялау және жеке тұлғалардың кірістерін әкімшілендіру басқармасы басшысының орынбасары Әсемгүл Мұстафина айтты.

«Біз қазіргі таңда екінші деңгейлі банктерден бірінші кезеңнің декларанттары бойынша мәліметтер алдық. Біз оларға қатысты камералдық бақылау жүргізіп, заңсыз кәсіппен айналыса ма, жоқ па анықтаймыз. Ал 2025 жылдан бастап, жеке тұлғаларға қатысты мәліметтерді алып отырамыз», – деді комитет өкілі.

Салықтық орган жеке азаматтардың заңсыз кәсіпкерлікпен айналысу фактілерін тексереді. Мұстафина жеке мақсаттарда жүргізілген мобильдік аударымдар тексеріске жатпайтынын айтты.

Сонымен бірге комитет өкілі қазіргі таңда бұл мәселеге қатысты жаңа критерийлерді енгізу мәселесі қарастырылып жатқанын айтты. Оған сәйкес, ай сайынғы немесе тоқсан сайынғы ақша аударымдарының шекті сомасы бекітілуі мүмкін. Егер аударымдар осы шекті сомадан асып кетсе, ондай есепшот иелерінің қаржылық операциялары камералдық бақылауға алынады.

Қандай мобильді аударымдар тексерілмейді?

Емге немесе басқа қайырымдылық мақсаттарда ақша жинайтын жеке тұлғаларға қатысты талаптар жеңілдетілген. Олардың есепшотындағы операциялар камералдық бақылауға алынбайды.

«Мұндай аударымдарға камералдық бақылау жүргізілмейді. Өйткені бұл қаражаттан заңға сәйкес, салық ұсталмайды. Өйткені ақша емге немесе басқа да маңызды мақсаттарға жұмсалатындықтан, кәсіпкерлік жолмен келген табыс көзі болып саналмайды», – деді комитет өкілі.

Әсемгүл Мұстафина кәсіпкерлікпен айналысатын азаматтарға төлемді кассалық аппаратта жүзеге асыруы қажет екенін ескертті. Егер төлем барысында кәсіпкер чек бермесе, бұл тұтынушының құқын шектеу болып саналады. Сонымен бірге осы сияқты бұзушылықтар үшін әкімшілік жауапкершілік қарастырылған. Мұндай жағдайда кәсіпкерге бірінші ретте ескерту жасалады. ал қайталанған болса, 40 АЕК көлемінде айыппұл салынады. Бұл ақшаға аударғанда 157 280 теңгені құрайды. (2025 жылы АЕК 3932 теңге болады)

Сондай-ақ оқыңыз