Маңғыстау әкімі мұнайшылардан да аз жалақы алатынын айтты

Жарияланды
Нұрдәулет Қилыбай әкім ретінде төмен жалақы алатынын және бұған ренжімейтінін айтты / Коллаж: kursiv.media

Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Маңғыстау облысының әкімі Нұрдәулет Қилыбай қандай жалақы алатынын айтты. Оның қазіргі жалақысы ереуілге шығатын мұнайшылардың еңбекақысынан да төмен.

«Мен «ӨзенМұнайГазды» 1,5 жылдай басқардым. Ол жердің айлығы жаман емес, жақсы. Сенесіздер ме, бұл компанияда кейбір жұмысшылар мекеменің басшысынан да жоғары айлық алатын жағдайлар болатын. Айлық көлемі жұмысшының еңбек өтілі мен жұмыс істеген сағатына байланысты. Әрине, ол жерде алған айлығыма қазіргі жалақым жетпейді. Бірақ әкім ретінде алатын айлығыма еш ренжімеймін. Қалай болғанда да, менің бүгінгі күні алып отырған айлығым, кеше ереуілге шыққан мұнайшылардың айлығынан көп емес», – деді әкім.

Нұрдәулет Қилыбай өңір әкімі лауазымына тағайындалғанға дейін «ӨзенМұнайГаз» компаниясына басшылық еткен. Әкім өзінің қызметтік жолын көлік саласынан бастаған. Көлік министрлігінде, «Қазақстан теміржолы» ұлттық компаниясында түрлі лауазымдарда жұмыс істеген. Кейінгі жылдары Ақтау қаласының әкімі және Маңғыстау облысы әкімінің орынбасары қызметтерін атқарған. Ал «ӨзенМұнайГаз» компаниясын 2023 жылдың қаңтарынан 2024 жылдың мамырына дейін басқарған.

Сондай-ақ оқыңыз