Нұрсұлтан Назарбаевтың қызметтік көлігі 222 миллион теңгеге сатылады
ҚР Тұңғыш Президенті Назарбаевтың қызметтік көлігі болған Mercedes 600 SEL (Sonderschutz) GUARD B7 сатылады. Kolesa.kz сайтында осындай хабарландыру жарияланды.
Хабарландыру иесінің жазуынша 1993 жылы Германияда арнайы тапсырыспен жасалған көлік «нағыз антиквариат және еліміздің бүкіл тарихының куәгері».
Сондай-ақ автокөліктің брондалғаны, Калашников автоматы мен снайперлік винтовкалардың оғына, тіпті 4 келілік тротил жарылысына төтеп бере алатыны, өрт сөндіру жүйесі бары айтылады.
«ContInental CTS 265-40 R500 шиналары оқ тиген жағдайда да қашып құтылуға мүмкіндік береді. Шанаққа оқ тиген жағдайда орны өздігінен жойылып кетеді. Дәл осындай көлік Грузия Президенті Эдуард Шеварнадзенің өмірін сақтап қалған. Ал Владимир Путиннің тура осындай көлігі 1,3 млн еуроға сатылған», – деп жазады хабарландыру иесі.
Айта кетейік, Назарбаевтың қызметтік көлігі деген бұл көлік 2022-2023 жылдары да сатылымға шығарылған еді. 29 жылда 37 930 шақырым жүрген көлікке 2022 жылы бар болғаны 25 млн теңге сұраған. Бұл туралы арнайы ақпарат жариялаған Kolesa.kz сайты көлікке қызығушылар көбейіп, құны 260 млн теңгеге дейін жеткенін жазады. Хабарландыру иесі сол кезде де бағасын жоғары қоймақ болғанын екен. Алайда 2022 жылы Kolesa.kz сайты 222 млн теңге дегенді модерациядан өткізбегендіктен, 25 млн теңге деген баға белгіленген.
Ал 2023 жылдың тамыз айында көлік 222 млн теңгеге бағаланып, сатылымға шығарылған. Бұл жолы хабарландыру мәтіні еш өзгеріссіз, қайталанып тұр. Қазіргі кезде Тараз қаласында тұрған көліктің 38 400 шақырым жүргені, нақты сатып алатын адамға саудаласуға болатыны, тіпті айырбасқа да дайын екендігін жазған.
Көліктің шынымен де Назарбаевқа тиеселі болғаны әлде болмағаны белгісіз. Өйткені Назарбаевтың көліктеріне қатысты деректер өте аз. Мысалы, 2019 жылы БАҚ-да жарияланған деректерде Назарбаевтың Mercedes-Benz және Maybach -ты ұнатқаны туралы жазылады. W220 шанағындағылары екі көліктің бірі Теміртаудағы, бірі туған жері Шамалғандағы музейде тұрғаны, кейін Mercedes-Benz S600 W223-ке «отырғаны» айтылады. Бұлардың барлығы Mercedes 600 SEL-ден кейін шыққандары. Ал сатылымдағы Mercedes 600 SEL туралы ақпарат еш жерде жоқ. Тек сайттардың бірі бірінші президентке тиеселі делінген, тура осыған ұқсас Mercedes-тің 2023 жылдың көктемінде Астанадағы Тұңғыш Президент музейінде тұрды деген расталмаған ақпарат жариялаған.
Айта кетейік, Mercedes 600 SEL немесе Mercedes-Benz W140 тарихы 1991 жылы Женева автосалонында ресми таныстырылды. 1999 жылы өндірісі тоқтатылып, орнына Mercedes-Benz W220 сериясы шықты. Осы кезеңде 432 732 дана Mercedes-Benz W140 сатылған. Ал хабарландырудағы брондалған, арнайы тапсырыспен шыққан Mercedes 600 SEL (Sonderschutz) GUARD B7 қанша данамен сатылғаны туралы ақпарат жоқ.
Алайда хабарландырудағы дәл осындай көлік «Грузия Президенті Эдуард Шеварнадзенің өмірін сақтап қалды» деген рас. 1998 жылдың ақпан айында Тбилисиде Шевернадзенің көлігін «Муха», РПГ-7 гранатаатқыштарынан және ірі калибрлі пулеметтен атқылап, екі оққағары қайтыс болып, өзі жарақат алды.
Кейін Mercedes-Benz компаниясы Грузия президентіне жаңа S 600 сыйлады. 1994 жылы сол кездегі ірі бизнесмен Борис Березовскийге де қастандық жасалып, Mercedes-Benz W140-та отырған кәсіпкер аман қалады.
1995 жылы дәл осы көліктің сәл ұзартылған түрі брондалған Pullman -ға мінген Египет президенті Хосни Мубәракқа Эфиопиядағы сапары кезінде шабуыл жасалады. Сауыты мықты көліктің арқасында Мүбәрак аман қалған.
Бұдан бөлек «600-ка» деп аталған бұл көлік кәсіпкерлердің, қылмыстық топ жетекшілерінің сүйікті көлігі саналады. Қазіргі кезде көлік коллекциясымен айналысатындар болмаса, көпшілік үшін аса таңсық емес.
Қазіргі кезде Kolesa.kz-те 1993 жылы шыққан, бағалары 2 млн – 3,5 млн теңге аралығындағы қарапайым алты S600 тұр. Ал экс-президентке тиеселі делінген ұқсас көліктерден 6753.6% есе қымбат Mercedes 600 SEL-ді сатып алушы табыла ма, белгісіз.