Түркістан облысында биыл Жаңа жыл мерекесін тойлауға бюджеттен бір теңге де бөлінбеген. Түркістан облысы әкімдігінің мәліметінше, үш жылдан бері бұл мақсатқа қаржы жұмсалмаған. Десе де, бұл мереке тойланбайды деген сөз емес.
«Жаңажылдық шырша Түркістан қаласында орналасқан «Керуен-сарай» кешені аумағында және «Жеңіс» саябағына қойылады. Ал бас шырша әкімшілік-іскерлік орталыққа орнатылады», – делінген Түркістан әкімдігінің жауабында.
Жаңа жылға ақша шығармау түркістандықтар үшін дағдыға айналып кеткенге ұқсайды. Қажет болған жағдайда демеушілер тартылады екен.
Ал Қызылорда Жаңа жылды тойлауға қызу кірісіп жатыр. Облыста жаңа жылға арнайы 9,4 млн теңге бөлініп отыр. Қызылорда қаласы мен аудандық бюджеттерден қосымша 36,5 млн теңге қарастырылған.
«Қаржы жаңа жылдық мәдени шаралар ұйымдастыруға, оның ішінде ғимараттарды, сахналарды безендіруге, жаңажылдық әндерді өңдеп жазуға, қала аудан бойынша, орталық алаңдар мен көшелерді, аркаларды, жазулар, үйлер және басқа тақырыптық безендіруге жұмсалады», – дейді Қызылорда әкімдігінің баспасөз қызметі.
Десе де Қызылорданың орталық алаңына бұрын қолданылған шырша орнатылмақ. Қосымша шығындар демеушілердің қалтасына түседі.
Қызылорда қаласы 2022 жылы Жаңа жылға 6,1 млн теңге, 2023 жылы 6,4 млн теңге, 2024 жылы 7,1 млн теңге жұмсаған. Ал аудандар осы жылдары 13,6 млн теңгеге, 20,3 млн теңгеге, 36, 5 млн теңге шығындаған.
Әзірге Жаңа жылға ең көп қаржы бөлу жағынан Алматы көш бастап тұр. Қала әкімдігі жаңа жылдық безендіруге 800 млн теңге бөлінгенін жариялады. Қалада 80-нен астап шырша тартылып, 4,6 шақырым гирлянда ілінбек. Одан кейінгі орынға 670 млн теңге жұмсаған Астана жайғасты.