Кейбір банктер мен валюта айырбастау пунктері 1996-2013 жылдары шыққан АҚШ долларларын қабылдамай жатыр. Ұлттық банк бұл мәселеге орай азаматтардан жиі шағым түсіп жатқанын алға тартты.
Қаржы реттеушісі ескерту жасап, бұл ақша төлем құралы екенін, түпнұсқалығы расталғанын айтты. Доллар бүтін болса, яғни, жыртылған, бүлінген жері болмаса Қазақстан аумағында ешқандай комиссиясыз қабылдану тиіс. Өйткені бұл жайт қолма-қол шетел валютасын айырбастау операциялар жасау тәртібінде нақты көрсетілген.
Комиссия тек қана төлем жасауға болмайтын, жарамсыз доллар үшін ғана алынуы мүмкін.
«Егер айырбастау пункті комиссия алса немесе шетел валютасын шыққан жылына қарай қабылдаса, валюта айырбастаудан негізсіз бас тартса, сол айырбастау пункті орналасқан жердегі Ұлттық Банктің аумақтық филиалына шағымдану қажет. Шағыммен қатар барлық қажет ақпарат пен құжатты қоса көрсету керек, бұл заңға сәйкес шара қолдануға мүмкіндік береді», – делінген Ұлттық банктің хабарламасында.
Қаржы реттеушісінің мәліметінше, екінші деңгейлі банктер тек қана кассалық операция жасағаны үшін комиссия алуға құқылы. Бұл жағдайлар ішкі тариф саясатында көрсетіледі. Банктер мен басқа да қаржы ұйымдары өз бетінше белгілейді. Бірақ бұл жерде сыйақы мөлшерлемелерін, комиссияларды, заңдағы шектеулерді ескеруі тиіс.