Қазақстан уранының ең майлы жерін Ресей уысынын шығарған жоқ
Осы аптада «Росатомпром» Қазақстандағы кәсіпорындарын Қытай компаниясына сататыны туралы жаңалық шықты. Неге ресейлік алпауыт өзіне тиесілі кен орындарын сатып жатыр? Бізге қытайлықтар келуін қалай қабылдауымыз керек? Kursiv сала сарапшысымен сөйлесіп, осы сұрақтарға жауап табуға тырысып көрді.
«Росатом» Қазақстандағы уран кен орындарынан құтылуға тырысып жатыр ма?
Негізі үзілді-кесілді олай деуге келмейді. Ресейлік компанияның Қазақстандағы «Хорасан-U» БК» ЖШС және «Қызылқұм» ЖШС кен орындарында үлесі бар еді. Оларды «Ураниум Уан Груп» АҚ компаниясы арқылы басқарды. Бірақ екі кен орнын сатып жіберсе де, ең ірі кен орны әлі де Кремльдің уысында. Сатылған кен орындары «Росатом» үшін аса маңызды емес. Дәл қазір ресейлік алпауыт «Будденовское» кен орнындағы үлесін сақтап қалды. Ол – Қазақстандағы уран шығаратын маңызды кен орындарының бірі. Осы жағынан «Росатомның» кәсіпорындарды сатуын стратегиялық маңызы бар қадам деп санайды сарапшы Абзал Нарымбетов.
«Росатом ұзақ мерзімді стратегиялық қорларға маңыз беріп жатыр деп ойлаймын. Ол сатып жіберген кен орындары табыс жағынан ғана емес қор жағынан да азайып жатыр, жылдық өнім де түсіп жатыр. Олар «Росатом» үшін стратегиялық жағынан тиімді емес, ол ірі жобаларға көңіл бөліп жатыр», – дейді ол.
Сарапшының сөзінше, Буденовский кен орнының жылына 6 мың тоннаға дейін уран өндіре алатын әлеуеті бар. 2030 жылға қарай максималды қуатына жеткенде тек Қазақстан емес әлемдегі ең ірі кен орындарының біріне айналады. Ал ең майлы кен орнын Ресей өзінде сақтап қалуынан сескену қажет пе?
Қытайдың сатып алғаны бізге жақсы
Қазақстан дүние жүзіндегі уранның 43%-ын шығарады. Бұл – әлемде өндірілетін уранның жартысына жуығы. Осыдан еліміздің қуатын бағамдай беріңіз. Бірақ оның бәрі тек шикізат күйінде шығарылады. Әзірге Қазақстанда оны өңдейтіндей технология жоқ. Өңдейтіндей өндіріс ошақтары да салынбаған.
«Бізде технология жоқ, қаласақ та, қаламасақ та ол жағынан Ресейге тәуелдіміз. Шикізат күйінде ешкім алмайды. Мұнайды шикізат күйінде де, бензин күйінде де сатады ғой. Біз уранды мұнай етіп, Ресей бензин қылып сатып отыр», – деп түсіндіреді Абзал Нарымбетов.
Бірақ Буденовское Ресейге тиесілі болғанымен, «Қазатомпром» Инкай кен орнын иеленеді. Түркістанда орналасқан шахтада 83 мың тонна уран бар деп есептеледі. Сарапшының сөзінше, оның да қаупі бар. Кен орындарын «Қазтомпром» өзіне иеленген сайын одан айырылып қалу қаупі де жоғарылай түседі.
«Өзі өндіре алмаса, басқа елдерді қосып, үлесін көбейту керек. «Қазтомпром» өзіне ала берсе, Ресей түрлі құралдарды пайдаланып, мәжбүрлеп өзіне иеленуі мүмкін. Ал басқа елдермен бөлісіп жатса, қытайлық, жапондық, канадалық компаниялар көбейіп, олардың үлесі артқан сайын Ресейдің тісі батуы қиын болады. Осы жағынан әртараптандыру саясатын жалғастыра беру керек», – дейді Нарымбетов.
Оған байланысты Қашаған мен Қарашығанақ мысалын түсіндіреді. Ол жақта АҚШ, Еуропа елдерінің үлесі көп болғандықтан, Кремльдің тісі бата алмайды. Сондықтан қазақстандық уран кен орындарына қытайлықтардың келгені жақсы жаңалық дейді ол.
Бейжің үшін бұл әрекет – нарықтағы өз орнын көбейту. Қазір Қытай елдегі атом станцияларын көбейтіп жатыр. 2050 жылға қарай атом станциялары жөнінен бірінші орынға шығуды жоспарлайды. Ал ол үшін көбірек уран керек, Қытайда ресурс тапшы. Сондықтан қай жерден болмасын шикізат іздеп жатыр, ал қазақстандық кәсіпорындардың сатылып жатқаны олар үшін тиімді бола кетті.
«Қазатомпром» – әлемдегі ең ірі уран өндіруші компания, акциялары Лондон және Қазақстан биржаларында сатылады. «Қазатомөнеркәсіп» құнды қағаздарының 62,9%-ы «Самұрық-Қазына» АҚ-ға, 12%-ы Қаржы ведомствосына тиесілі, тағы 25%-ы еркін айналымда.
«Ростатом» – ресейлік мемлекеттік холдинг, құрамына 400-ге жуық атом кәсіпорындары кіреді. Жалпы Ресей әлемде уран өндіру көлемінен алтыншы орын алады және уран байыту бойынша кен орындарының 44 пайызын бақылайды.