Алматы әуежайы ұшақтарды уақытша қабылдай алмайды
Боран салдарынан Алматыда әуе рейстері кешігіп жатыр. 20 желтоқсан күні сағат 20:45-тен 23:00-ге дейінгі аралықта әуежай ұшақтарды қабылдамайды.
«Қазіргі уақытта Алматы әуежайынан 9 рейстің ұшуы, 12 рейстің келуі кешіктіріліп, 2 рейс тоқтатылды», – деп хабарлады Азаматтық авиация комитеті.
Күн райы бұзылып, әудем жер көрінуден қалған. Жел екпіні – секундына 5 метр. Алдағы бір сағат қарлы жаңбыр толассыз жауады деп болжанған.
«Кешіккен рейстер ұшу кестесінің өзгеруіне әкелуі мүмкін. Осыған байланысты жолаушыларға өз рейстерінің мәртебесі мен ұшу уақытын әуежай мен әуе компанияларының анықтама қызметтерінен алдын ала нақтылауға кеңес беріледі», – делінген хабарламада.
Комитет Алматы әуежайы бойынша рейстерді тоқтату жолаушы қауіпсіздігі үшін жасалып отырғанын ескертті.