ҰҚК қысым көрсетті – Сәтбаев кеншілерінің Тоқаевқа үндеуі

Жарияланды
Сәтбаев шахтерлары қысым жасап отырғанын мәлімдеді/ Фото: коллаж KursivMedia, бильд-редактор Ахтам Зиперов

Кеншілерге қысым көрсетті

ҰҚК мен ішкі істер органдарының қысымы тоқтағанын сұраймыз. «Қазақмыс корпорациясы» басшылығы бізбен санаспай отыр. Сәтбаев шахтерлары бүгін осындай мәлімедеме жасап, президент Қасым-Жомарт Тоқаевқа үндеу жасады.

Kursiv редакциясына келіп түскен видеода бір топ кеншілер Оңтүстік Жезқазған кенішіндегі 65-шахта жұмысшылары екенін айтады.

«Жер астында үш күн өтті. Жезқазған кеншілерінің талабын «Қазақмыс корпорациясының» басшылары елемей, адам қатарына санамайды. Қара жұмысшыларымен санаспайды», – дейді ортада тұрған ер адам.

Оның айтуынша, жер асты кеншілерінің арасынан «мұң-мұқтажын басшылыққа жеткізу үшін» арнайы бастамашыл топ сайланған. Олар шахтерлер талабын компания басшылығына түсіндіріп отырған. «Сайланған жігіттерді КНБ тарабы қыспаққа алып, қорқытты. Корпорациядан қайта-қайта ақша сұрай бересің деп, қорқытып, сол деңгейге дейін жеткізді. Қасым-Жомарт Кемелұлы, бұл жер асты кеншілерінің забастовкасы емес. Бұл жұмыс беруші мен жұмыскер ортасындағы бір мәмілеге келе алмай жатқан жағдай. Біздің тәртіп бұзу ойымызда да жоқ, оған барып жатқанымыз жоқ. ҰҚК, ішкі істер органдары тарапынан қудалаушылық тоқтауын сұраймыз», – дейді шахтерлар.

Шахтерлердің талабы қандай?

Бастапқыда Жезқазған шахтерларының негізгі талаптарының бірі жалақыны 100 пайызға көтеру және 13-еңбекақыны толық төлеу еді. Кейін корпорация басшылығы «өте үлкен баға сұрап отырсыңдар, бір мәмілеге тоқтайық» деген соң оны өзгерткен.

«Кеншілер ортасынан ақылдаса келе біз бірге-бір айлық сұрамадық. Қазір негізгі жалақыға 300 мың теңге қосуды және әрбір тоқсан сайын 50 АЕК көлемінде сыйақы қосуды сұраймыз. 16 желтоқсанға дейін 13-еңбекақыны алдық. Соны есептеп, қалған разницасын төлеп берсін. Интернетте шахтерлердың жалақысы 800 мың теңге деген жалған ақпарат тарап жүр. Жер астындағы жұмысшылар айлығы 500 мың теңгеден басталады. Жер астында жұмыс істегеннен кейін шахтерлер ойдағыдай ақы алуы керек», – дейді кенші.

Оның түсіндіруінше, жұмыс тоқтатқан алғашқы күндері компания басшылығынан бөлек Сәтбаев қаласының Мұрат Бөрібаев, Ұлытау облысының әкімі Дастан Рысбеков кездесуге келген. Бірақ шахтерлер айтуынша, «соңғы күні олар келісімнен бас тартқан».

Қазір әлеуметтік желілерде әскерилердің әлдебір ғимаратқа кіріп бара жатқаны, ұшақ қонғаны жайлы видеолар тарады. Видео сыртындағы ер адам «ереуілдетіп жатқан шахтерлерге Ұлттық гвардия келді» дейді. Kursiv бұған қатысты «Қазақмыс корпорациясы» ЖШС баспасөз қызметінің өкілі «бұған қатысты жауап беру құзыретіне кірмейтінін» айтты.

Сондай-ақ оқыңыз