Бүгін бастап, ертең ақша табуға болатын ең мықты 10 бизнес идея
Қазақстандықтардың тең жартысына жуығы жеке кәсіп ашуды, өз ісін бастауды армандайды. Бұған HeadHunter жұмыс іздеу жүйесі жүргізген сауалнаманың нәтижесі дәлел.
Сауалнамаға қатысқандар елімізде тауар өндіруге қатысты бизнес идеяларын іске асыруды ойлап жүргенін жеткізген. Ал қазіргі кезде жеке кәсібі барлар арасында құрылыс материалдарын, тұрмыстық техника немесе азық-түлік өнімдерін шығарумен айналысатындары басым. Алайда Қазақстанда балалар ойыншықтары, балалар киімдері мен косметикаға қатысты кәсіп ашатындар аз болып шықты.
2025 жылға арналған үздік бизнес идеялар
Қазақстан – экономикалық әлеуеті орасан мемлекет, мұнда мемлекеттік қолдау, табиғи ресурстар және инновацияларға қызығушылықтың артуы бизнес үшін қолайлы жағдай туғызады. 2025 жылы жаһандық үрдістер мен жергілікті ерекшеліктерге сәйкес жобаларды ашу қомақты табыс әкелуі мүмкін.
Маркетплейстерде сауда жасау
Елдегі электрондық коммерция секторындағы алаңдар өз үлесін арттыруды жалғастыруда. Өткен жылдың соңында электронды коммерция нарығының көлемі 2,4 трлн теңгеден асты. Маркетплейстер арқылы зат сату барлық бөлшек электрондық коммерцияның 89%-ға дейінгі үлесін құрады. 2023 жылы қазақстандықтар интернет арқылы 50 млн рет сауда жасаған. Аталған сала жалпы ішкі өнімнің 18,2%-на тең. Сондай-ақ жұмыс істейтін халықтың 16,7% осы салада еңбек етеді. Сонымен қатар онлайн-дүкен бизнес бастаудың ең оңай жолдарының бірі.
Қазақстанда отандық сауда алаңдарынан басқа шетелдік платформалар да танымал. Мәселен, бүгінде Ресейдің Ozon және Wildberries маркетплейстерінде 100 мыңнан астам қазақстандық кәсіпкер тіркелген. Бұл туралы жыл басында Сауда және интеграция министрлігі хабарлады. Бұған қоса аталған алаңдардың қызметін пайдаланушылар саны артып келеді. Бір ыңғайлы тұсы – электронды сауда алаңдарында бизнес бастау үшін қомақты қаржы керек емес. Майда-шүйде заттар сатудан, бар болғаны 3-5 мың теңгемен кәсіп ашқан кәсіпкерлер де бар. Ал маркетплейстерде бизнес бастау үшін не істеу керек?
І қадам: өтімді тауар, дұрыс «сала» таңдау
Ең бастысы – болшағы зор, сұранысқа ие өнім ұсыну немесе трендтегі тауар сату. Дегенмен ең танымал санатта табысқа жету өте қиын екенін естен шығармаңыз. Себебі мұндай нарықта бәсекелестік жоғары болады. Мысалы, ең сұранысқа ие сала – смартфондар мен басқа да электронды құрылғылар сату. Кәсіпкерлер арасында баға 10-20 теңгеге ғана ауытқиды. Сондықтан бұл салаға «кіру» оңай емес.
Маркетплейстерде жақсы өтетін тағы бір санат – киімдер сегменті. Мұнда бос ниша табуға болады. Мысалы, қазақи нақыштағы киім – ерекше символика немесе оюы бар дүниелер. Бұл ұлттық киімдер сату емес. Елдің мәдениетінен, салт-дәстүрінен, көрікті жерлерінен шабыттанған заманауи дизайн туындылары. Қазіргі кезде жергілікті брендтер танымал бола бастады. Киім санатында бірегей «нишаны» табу электроникаға қарағанда оңайырақ.
ІІ қадам: қаржылық жоспар құру
Электронды сауда алаңдарында сауда жасау үшін бизнес-жоспар керек. Ол күрделі және операциялық шығындар тізімінен, болжамды кіріс пен пайдадан тұрады. Шығындарға тауарларды сатып алу, кеңсе немесе қойманы жалға алу, қызметкерлердің жалақысы мен логистика кіреді. Бұл кезеңде сіз қандай бастапқы капитал қажет екенін түсінуіңіз керек. Бұл тауарлардың бірінші партиясын сатып алу немесе өндіру үшін қажет. Содан кейін нарықты талдап, сату бағасын есептеген жөн. Ол нақты кіріс ала бастаған кезде жобаның пайдасы мен шығыны қанша уақытта өтеледі деген сұраққа жауап береді.
ІІІ қадам: кәсіпкерлікті заң бойынша жүргізу, жеке кәсіпкер ретінде тіркелу
Жеке кәсіпкер ретінде тіркелу үшін сканерленген құжаттарды онлайн түрде маркетплейс менеджерлеріне жіберу керек. Құжаттар пакетіне өтініш үлгісі, кәсіпкердің төлқұжаты мен ЖСН, жеке кәсіпкерді немесе компанияны тіркеу туралы куәлік, салық органдарында тіркеу есебіне қою туралы куәлік кіреді. Сауда алаңы болашақ серіктестің сенімділігін тексереді, кейін барлығы заңды болса тіркейді.
АТ және цифрлық қызметтер
Инвестициялар мен сұраныстың артуына байланысты IT секторы Қазақстандағы ең жылдам дамып келе жатқан салалардың біріне айналды.
Бизнес идеялар:
• Қолданбалар әзірлеу (fintech, денсаулық сақтау, білім беру).
• Киберқауіпсіздік қызметтері.
• Электрондық коммерция платформаларын құру.
• IT курстарын жасау.
Статистика:
• Қазақстандағы ІТ-нарық орта есеппен жылына 20%-ға өсіп келеді.
• Елде 19 млн-ға жуық интернет пайдаланушысы бар. Бұл ретте цифрлық қызметтерге сұраныс жоғары.
• IT шешімдер бойынша аутсорсинг қызметтер шетелде де танымал.
Тағы бір табысты бизнес идеялардың бірі – агро кәсіпкерлік
Қазақстанда ауыл шаруашылығы экономиканың негізгі салаларының бірі болып қала береді. Бұл бағытта бизнес идеялар жетерлік. Мәселен, органикалық дақылдар өсіру (кинуа, амарант). Мұны үй жағдайында айналысудан бастауға болады. Кейін мерамханаларға өткізіп, монетизацияға шығуға болады.
Ауыл шаруашылығындағы тағы бір тиімді жоба – омарта ұстап, бал өндіру және шетелге экспорттау. Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігі Мемлекеттік кірістер комитетінің мәліметі бойынша, 2023 жылы Қазақстан шетелге жалпы сомасы 406,2 мың долларға (182,8 млн теңге) 222,7 тонна бал экспорттаған. Қазақстаннан табиғи балды ең көп сатып алатын елдер Өзбекстан, Қытай, Сауд Арабиясы және Германия.
2023 жылы Өзбекстан Қазақстаннан жалпы құны 112,2 мың долларға (50,5 млн теңгеге) 111 тонна, Қытай 176,6 мың долларға (79,5 млн теңгеге) 45,7 тонна, Сауд Арабиясы 44,4 мың долларға 22,2 тонна (20 млн теңгеге жуық), Германия –23,8 мың долларға 21 тонна (10,7 млн теңге) бал сатып алды. Шетелден сұраныс әлі де жоғары. Сондықтан омарта ұстап, бал ара өсіру тиімді бизнес жоба болып қала береді.
Бұған қоса Қазақстанда жыл бойы көкөністер мен көк-сөк өсіретін жылыжай шаруашылығын құру да тиімді бизнес жоба саналады. Себебі мұның бәрі мезгілге сай өседі. Ал қыста барлық көкөністер мен көк-сөк бағасы шарықтаған кезде отандық өнім ұсынуға да болады.
Агробизнес бойынша статистика:
• Қазақстан егістік алқаптары бойынша әлемде 9-шы орында, бірақ органикалық егіншілік 1%-ды ғана құрайды.
• Қытаймен және Еуропалық Одақпен жасалған келісімдердің арқасында 2025 жылы ауыл шаруашылығы өнімдерінің экспорты 30%-ға артуы мүмкін.
• Қазақстанда шағын шаруашылық қожалықтар арасындағы бәсекелестік төмен.
Экологиялық бизнес және қалдықтарды қайта өңдеу саласы
Сарапшылар 2025 жылы «жасыл экономиканы» дамыту және қоршаған ортаны қорғау жөніндегі мемлекеттік бағдарлама аясында экологиялық стартаптарға сұраныс артатынын айтады.
Бизнес идеялар:
• Пластмасса, шыны және металдарды қайта өңдеу.
• Биологиялық ыдырайтын қаптамалар өндіру.
• Электрондық қалдықтарды жинау орындарын ашып, кәдеге жарату бойынша жобалар бастау.
Бұл идеяны ұсынып отыруымыздың сыры неде? Қазақстанда жыл сайын шамамен 5 млн тонна қалдық шығарылады, оның 15%-дан азы қайта өңделеді. Сонымен қатар экологиялық жобаларды мемлекет қолдайды. Осы бағытта субсидиялар мен салық жеңілдіктер қарастырылған. Бұған қоса аталған салада бәсекелестік төмен, бірақ жабдық үшін бастапқы капитал қажет.
Онлайн білім беру бағытында кәсіп ашу
Қазіргі цифрландыру жағдайында білім маңызды және жылдам дамып келе жатқан сала болып қала береді.
Бұл бағытта емтихандарға дайындалуға арналған платформалар (ҰБТ, IELTS, SAT) әзірлеуге болады. Себебі пандемиядан кейін қашықтан білім алу саласы танымал бола бастады.
Онлайн білім беру саласында IT мамандықтары мен цифрлық дағдылар бойынша курстар ашуға болады. Сондай-ақ қашықтан тілдерді оқыту (әсіресе ағылшын және қытай тілдері) курстарын ашуға болады.
Осы бағыттағы статистика үңілсек:
• Орталық Азиядағы онлайн білім беру нарығы жыл сайын 25%-ға өсіп келеді.
• Қазақстанда жастардың 70%-дан астамы мобильді қосымшаларды білім алу үшін еркін пайдаланады.
• Аз ғана инвестициямен жақсы табыс табуға болады.
Туризм және қонақүй бизнесі
Қазақстан туристерді өзінің ерекше табиғаты мен мәдениетімен тартады. Мәселен, биылғы қаңтар-қыркүйекте ішкі туристер саны 562 мыңға өсіп, 6 млн адамға жеткен болатын. Ал шетелден келген туристер саны 11,5 млн адамды құраған. Бұл былтырғы жылдың сәйкес кезеңіндегі көрсеткіштермен салыстырғанда 2 есеге жуық жоғары. Оның ішінде шетелден келген 969 мың турист қонақүйлерге жайғасқан.
Сонымен қатар Қазақстанда туризм саласын мемлекеттік қолдау шаралары артып келеді. Мысалы, 2024 жылдың өзінде 37 туристік нысан мен 6 турист тасымалдайтын автобус алуға 2,1 млрд теңге бөлінді.
Бұл бағытта қандай кәсіп бастауға болады?
• Ерекше және жаңа бағыттарға эко-турларды ұйымдастыру.
• Табиғат аясында глэмпингтер орнатып, осы бағытта туристік бизнесті дамуы.
• Тақырыптық экскурсиялар (этникалық, тарихи).
Болжамдар:
• 2025 жылы халықаралық туризм саласы жаңа әуе бағыттары мен визалық өзгерістердің арқасында қарқынды дамиды деген болжам бар.
• Қазақстандықтар арасында ішкі туризм де танымал болмақ.
• Қала маңындағы, аз ғана инвестиция салынған жобалардың кірістілігі артады.
Жеткізу және логистика
Электрондық коммерция нарығының дамуы нәтижесінде логистика қызметіне сұраныс артты. Бұған қоса қалалық өмір салты жеткізу қызметіне сұранысты арттырып келеді.
Осы бағыттағы бизнес идеялар:
• Маманданған курьерлік қызметтер (құжаттарды, өнімдерді, дайын тағамды жеткізу) ашу.
• Тапсырысты қадағалауға арналған қосымшалар әзірлеу.
• Тапсырысты қабылдау пункттерін құру.
Жеткізу қызметіне қатысты талдауға үңілсек Қазақстандағы жеткізу нарығы 2025 жылға қарай 35%-ға өседі деп болжануда. Ал негізгі ойыншылар ірі қалаларда шоғырланып, өңірлер аз қамтылған. Сондай-ақ, жеткізу қызметтеріне сұраныс онлайн коммерцияның өсуімен бірге дамып келеді.
Жаңартылатын энергия көздеріне қатысты кәсіп бастау
Қазақстанның жаңартылатын энергия нарығы жаһандық климатқа қатысты мақсат-міндеттердің әсерінен белсенді дамып келеді. Сондықтан осы бағытта күн батареяларын орнату және техникалық қызмет көрсетуге қатысты бизнес ашуға болады. Биогаз өндіру де табысты әрі өзекті кәсіп болары сөзсіз. Электр көліктерін зарядтау станцияларын ашу да жақсы идея. Себебі қазақстанда жылдан-жылға электрокарлардың үлесі артып келеді. Алайда оған арналған инфрақұрылым тапшы.
Статистикаға үңілсек:
• Энергетика министрлігінің болжамы бойынша 2030 жылға қарай Қазақстандағы жаңартылатын энергияның үлесі 15%-ға жетуі керек.
• Қазақстанның күн энергиясының әлеуеті жоғары: оңтүстік аймақтарда жылына 300 тәулікте күн сәулесі белсенді болады.
• Мемлекет «жасыл» энергетика саласында жұмыс істейтін компанияларға салықтық жеңілдіктер жасайды.
Денсаулық және спорт
Бүгінде әлемде денсаулыққа көңіл бөлу, көбірек инвестиция салу сәнге айнала бастады. Қазақстанда да осы тенденция дамуда. Мысалы, түрлі дәрумендер ішу, фитнеспен айналысу. Бұл осы саладағы қызметтер мен өнімдерге сұранысты врттырды.
Осы бағыттағы бизнес идеялар идеялар:
• Фитнес студиялар мен залдар ашу.
• Диеталық тағамдар және дайын тағамдарды жеткізу.
• Марафондар мен спорттық шараларды ұйымдастыру.
Жалпы алғанда Қазақстанда фитнес-қызметтер нарығы жылына 10–15%-ға өсіп отырады. Пандемиядан кейін салауатты өмір салтына деген қызығушылық жеке жаттықтырушылар қызметіне сұранысты арттырды. Алайда өңірлерде бұл саладағы бәсекелестік төмен деңгейде.
Қытай мен Қазақстан арасында сауда жасау
Қытаймен сауда Қазақстандағы қызметтің ең танымал және тиімді жолдарына айналды. Географиялық жақындық, ыңғайлы логистикалық маршруттар және қытайлық тауарлардың арзандығы бұл нарықты қазақстандық кәсіпкерлер үшін тартымды етеді.
Неліктен Қытайдан тауар тасып, бизнес бастау керек?
Біріншіден, өнімдердің ассортименті кең. Қытай өнімдердің үлкен таңдауын ұсынады – электроника мен киімнен бастап құрылыс материалдары мен аксессуарларға дейін. Бұл жергілікті нарықта сұранысқа ие болатын ең тиімді бизнес бағытын таңдауға мүмкіндік береді.
Екіншіден, тауарлардың құны төмен. Қытайда өндірілетін заттар арзан. Сондықтан оларды жаппай сатып алып, кейін Қазақстанда жақсы маржамен сатуға болады.
Үшіншіден, Қазақстанда сұраныс артты. Ел нарығы белсенді дамып келеді, ал тұтынушылар жоғары сапалы және бағасы тиімді өнімге қызығушылық танытады. Осы талаптарға сай Қытай өнімдері бізде тұрақты түрде сұранысқа ие.
Қытаймен сауданың Қазақстан үшін артықшылықтары неде?
• Географиялық жағынан жақын орналасуы тауарларды жеткізу уақытын қысқартып, құнын төмендетеді.
• Қазақстан сыртқы нарықтағы сауданы жеңілдететін ЕАЭО мүшесі.
• Кейбір бизнес бағаттарында бәсекелестік төмен, бұл нарықтағы орныңызды жылдам табуға мүмкіндік береді.
Тәуекелдер және оларды болдырмау жолдары
1. Өнім сапасының нашарлығы. Сондықтан жаппай тапсырыс бермес бұрын өнім үлгілерін мұқият тексеру керек.
2. Логистика және кешігулері. Бұл ретте сенімді логистикалық серіктес тауып, жеткізу мерзімін бақылап отыру маңызды.
3. Кедендік мәселелер. Заңнаманы зерделеу және жүк тасымалын ресімдеу үшін мамандар тарту.
Қорыта айтқанда, Қытаймен сауда – ең аз инвестициямен бизнес бастаудың тамаша мүмкіндігі. Ең бастысы – бизнестің бағытын, түрін дұрыс таңдау, логистика мен сауданы жолға қою.
Бизнес бастауға мүмкіндік беретін салалар мұнымен шектелмейді. Біз аз қаражатпен, жедел бастап кетуге мүмкіндік беретін бағыттарды тізіп шықтық. Бірақ, есте ұстайтын нәрсе, кез-келген салада кәсіп бастау алдында мұқият зерттеу, бизнес жоспар жасау, тәуекелдерді ескеру, болашақты бағамдау, кәсіпкерлікті заңдастыру, кіріс-шығыс, салық есебін мұқият жүргізу маңызды.