Германияда Рождество базарында шабуыл жасалып, 5 адам қайтыс болды
Германияның Саксония-Анхальт федералды штатындағы Магдебург қаласындағы Рождество базарына 20 желтоқсан күні кешке шабуыл жасалған. Күдікті азамат қара BMW көлігімен базарға соқтығысып, 5 адам қайтыс болып, 4О адам ауыр жағдайда, 90 адам орташа ауыр жарақатпен ауруханаға түскен.
DW басылымның жазуынша, көлік көпшілікке толық жылдамдықпен соқтығысып, полиция тоқтатқанға дейін 400 метр жүріп, жолдағы адамдарды қағып өткен.
Шабуыл жасаған азамат 1974 жылы туған Сауд Арабиясынан Германия 2006 жылы қоныс аударған дәрігер. Ер адам Магдебургтен 50 км қашықтықта Бернбургте тұрады. Саяси босқын мәртебесін алған.
Сауд Арабиясындағы дереккөздеріне сүйеніп басылым Германия билігіне бұл азаматтың экстремистік сипаттағы жазбалар қалдырғанын айтады.
Германия канцлері Олаф Шольц қайтыс болған азаматтардың отбасына көңіл айтып, құтқарушыларға алғыс білдірді. НАТО-ның Бас хатшысы Марк Рютте Шольцпен байланысып, көңіл айтып, ұйымның Германияға қолдау көрсетуге дайын екенін айтты. Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Германия президенті Франк-Вальтер Штайнмайерге көңіл айтты.
Айта кетейік, 2016 жылы 19 желтоқсанда «радикалды исламдық террорист» Берлиндегі Рождество базарына шабуыл жасап, адамдарды көлікпен жаншып өткен. Қайғылы оқиға салдарынан 12 адам қайтыс болып, 70 астам адам ауыр жарақат алған. Шабуылдаушы Италияға қашып кетіп, кейіннен Интерпол ұстау кезінде атып өлтірген.