АҚШ жаңадан сайланған Президенті Дональд Трамп командасы Дүниежүзілік Денсаулық сақтау ұйымынан шығуды көздеп отырғандарын хабарлады. Президентті ұлықтау шарасы өтетін 20 қаңтар күні осы шешімді жария етеді.
Financial Times Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымын ірі демеушіден айырылатынын мәлімдеді. Соның салдарынан ДДСҰ үлкен дағдарысқа ұшырауы мүмкін.
«Америка денсаулық сақтауды жаһандық қаржыландырудан және көшбасшы болудан үлкен вакуум қалдырады. Мен бұл олқылықты толтыра алатын ешкімді көрмей тұрмын», – деді басылымға пікір білдірген Джорджтаун заң колледжінің жаһандық денсаулық сақтау профессоры Лоуренс Гостин.
Кейбір мамандар мұның астарында Байденге қыр көрсету жатқанын айтады. 2020 жылы Трамп коронавиурс індетінің таралуына байланысты денсаулық сақтау ұйымын Қытаймен ымыраға келді деп айыптаған. Сол кезде ұйым Бейжіңге жалтақтап отыр деген қорытынды жасаған.
2021 жылы Байден билікке келгенде, дәл инаугурация күні ДДСҰ-мен ынтамақтастықты жалғастыруды мақұл көрген. Трамп осыған жауап бергісі келген секілді.
АҚШ 2022-2023 жылдары ұйым қорына арналған қаражаттың 16%-ын аударған.
ДДСҰ-ға арналған қаражатты Еуропа елдері арттыруға пейілді болмауы мүмкін. Есесіне оған Қытайдың ықпалы артуы мүмкін деп жазды FT.