Германиядағы жәрмеңкеде адамдарды көлікпен жаншып өткен күдіктінің аты-жөні белгілі болды

Германияның Магдебург қаласында жәрмеңкеде болған оқианы жергілікті билік теракт деп таныды. Күдіктінің аты-жөні – Талеб әл-Абдулмохсен. Дәрігер-психиатр BMW көлігін жоғары жылдамдықпен айдап, адамдарды басып-жаншып өткен.
Осының салдарынан бес адам жазым болды. 200-ден астам кісі жарақат алды. Дәрігердің Сауд Арабиясынан келгені мәлім болды.
Ол Германияның ислам дініне деген ұстанымын сынаған. Ол биліктің дінді қаралауға тыйым салғанын жаратпайтынын, осы үшін түбінде кек алатынын Х парақшасында жазған.
Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Германия Федеративтік Республикасының Федералдық Президенті Франк-Вальтер Штайнмайерге көңіл айтты.
«Достас герман халқының ауыр қайғысына ортақтасып, еліміздің және өз атымнан марқұмдардың туған-туыстарына көңіл айтамын. Сондай-ақ зардап шеккендердің тезірек сауығып кетуіне тілектестік білдіремін», – деп жазылған Президент жеделхатында.