Жаңалықтар

Қостанайда соққыға жығылған жедел жәрдем қызметкерінің жағдайын министр бақылауда ұстамақ

Фото: instagram.com/akmaralalnazarova

Қостанайда жедел жәрдем бригдасының қызметкерін ұрып-соғу дерегі тіркелді. Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова осы жөнінде хабарлап, фельдшер Анель Баймурзинаның жағдайын назарда ұстайтынын мәлімдеді.

«Шақыртуға келген шұғыл қызметтің жас қызметкері Анель Баймурзинаның өзі ұрып-соғу салдарынан алған көптеген жарақатпен стационарға келіп түсті.

Мен Анель Баймурзинаның отбасына жеке қолдауымды білдіре отырып, оған тезірек сауығып кетуін тілеймін және бұл жағдайды назардан тыс қалдырмайтынымызды хабарлаймын», – деп жазды министр.

Ведомство басшысы медицина қызметкерлерінің жұмысын қауіпті деп санайды.

2019-2023 жылдары елде науқастарға көмек көрсеткен 158 медицина қызметкері соққыға жығылған. Оның ішінде 2022 жылы — 46, 2023 жылы — 80, ал 2024 жылы — 9 шабуыл тіркелді.

«Осыған байланысты, депутаттардың қолдауымен біз медицина қызметкерлерінің қызметтік борышын орындауы барысында оларға жасалған зорлық-зомбылық әрекеттер үшін қылмыстық жауаптылықты енгізуге бастамашылық жасадық. Мұндай қылмыстар еркіндікті шектеуге және бүкіл қоғамның айыптауына дейінгі әділ жаза алуы тиіс», – деді министр.

Қостанайда Баймурзина көмек көрсеткен науқастың тыныс алуы тоқтаған. Науқастың туысқан әйелдері оны соққыға жыққан. Соның салдарынан жәбірленушінің миы шайқалды. Полиция қылмыстық іс қозғады.