Жаңалықтар

2025 жылы Еуроодақ Ресейге «тосын сый» дайындап отыр

Еуроодақ
Еуроодақ Ресейге жаңа санкция салмақшы/ Фото: коллаж KursivMedia, бильд-редактор Ахтам Зиперов

Неміс БАҚ-тарының жазуынша, Еуроодақ тағы да Ресейге санкция салуға дайындалып жатыр.  2025 жылы ақпанда ресейлік әскердің Украинаға басып кіруіне 3 жыл толуына орай санкциялардың 16-пакетін енгізбекші.

Брюссельдегі дереккөздеріне сілтеме жасаған Welt am Sonntag мәліметінше, жұмыс 22 желтоқсанда басталып кеткен. Жаңа санкциялар «бұған дейін қозғамаған немесе қажетті деңгейде қозғалмаған» ресейлік экономика секторларына арналмақшы. Сондай-ақ «ресейлік пропаганда  режимін қолдайтын және Украинаның аумақтық тұтастығының бұзылуына жауапты»  адамдар мен ұйымдарға қарсы шектеу енгізбек.  

Welt жазуынша, Еурокомиссия мен Еуропалық қызмет Ресей үшін тыңшылық еткен, жалған ақпарат бойынша кампания жүргізген тұлғалардың активтерін бұғаттап, Еуропаға кіруге тыйым салмақшы.  Әзірге бұл қадамдарға қатысты нақты шешім шыққан жоқ.

Бұған дейін 16 желтоқсанда Еуроодақ Ресейге қарсы 15 санкциялар пакетін бекіткен еді. Қытай, Үндістан, Иран, Сербия және БАӘ-дегі 32 ұйымға және 54 тұлғаның активтеріне шектеу қойды. Еуроодақ олар Мәскеуге санкцияны айналып өткізуге көмектесіп жатыр деп есептейді.

«Ресей Украина мен оның халқына қарсы қатыгез шабуылын жалғастырып жатыр. Бұл санкциялар пакеті – Ресейдің әскери күшін әлсірету және осы соғысқа ықпал ететіндерді, соның ішінде Қытай компанияларын тоқтату шарасы», – деді ЕО-ның сыртқы істер және қауіпсіздік саясаты жөніндегі өкілі Кая Каллас.

Сол күні Брюссель «Ресейдің шетелде тұрақсыздандыру әрекетіне» қатысы бар деген себеппен «Газпром-Медиа» бас директорының орынбасары Тина Канделаки, саясаттанушы Тимофей Бордачев және  «Бас барлау басқармасы қызметкерлеріне»  де санкциялар салынған.

Ал бұған дейін премьер-министрдің орынбасары Серік Жұманғарин шетелдік басылымдарға берген сұхбатында Ресейлік санкциялардың отандық компанияларға ықпалы туралы айтқан еді. Оның сөзінше, Қазақстан өзінің экономикалық мүддесін бірінші орынға қояды, қазіргі міндет – көрші елген салынған шектеулерге ілінбей, бәсекеге қабілеттілігімізді сақтап қалу қажет.