Банк пен қаржы

2024 жылы зейнетақы жинағы қанша табыс алып келді?

зейнетақы қоры
Фото: kursiv.media, бильд-редактор Ахтам Зиперов

Қазақстандықтардың жалақысынан аударатын зейнетақы жарнасы Бірыңғай зейнетақы қорында (БЖЗҚ) сақталады. Ал бұл қаржыны Ұлттық банк пен жеке басқарушы компаниялар түрлі қаржы құралдарына инвестициялайды. Осылайда қордағы қаржы бос жатпай, халыққа инвестициялық табыс алып келеді.

Қорда қанша қаржы бар және инвесттабыс қанша?

Зейнетақы қорында қазақстандықтардың 21,9 трлн теңгеге жуық зейнетақы жинағы бар. Соның 21,84 трлн теңгесі Ұлттық банкке сенімгерлік басқаруға берілген. Ұлттық банк қор активтерін түрлі қаржы құралдарына салады. Жалпы 2024 жылдың 11 айында халықтың зейнетақы жинағына орта есеппен 10,05 пайыз инвесттабыс есептелген. Бұл елдегі жылдық инфляциядан сәл жоғары. Қазақстандықтардың жинақтарына 11 айда 2,84 трлн теңге инветтабыс аударылған.

Қандай қаржы құралдарына инвестицияланады?

Ұлттық банк зейнетақы активтерінің басым бөлігі – 41,29 пайызын Қаржы министрлігі шығарған мемлекеттік бағалы қағаздарға (МБҚ) инвестицияланған. БЖЗҚ-ның 9 трлн теңгесіне МБҚ сатып алынған. Бұл бағал қағаздардың табыстылығы жылдық 11,59%-ды құрайды. Сонымен қатар Ұлттық банк биыл шет елдердің мемлекеттік бағалы қағаздарына салыған қаржы көлемін 334 пайызға арттырып, жалпы 97 млрд теңгеге өзге мемлекеттердің бағалы қағазын сатып алған.

Зейнетақы активтері порфелінде мемлекеттік бағалы қағаздардың ізін ала квазимемлекеттік сектор облигациялары келеді. Олардың БЖЗҚ инвестициялық портфеліндегі үлесі 9,19 пайызды құрайды. Зейнетақы қорындағы 2 трлн теңгеге квазимемлекеттік компаниялардың облигациялары сатып алынған.

Қорда жинақталған 8,3 трлн теңге қаржысы валюталық портфельге салынып, индекстік басқаруға берілген. Валюталық портфельді басқаруға Ұлттық банк шетелдік басқарушы компанияларды тартады. ҰБ дамыған елдердің субпортфелін және
дамушы елдердің облигациялар субпортфелінің бір бөлігін индекстік басқарады.

Валюталық порфельге дамыған және дамушы елдердің облигациялары, сыртқы басқарудағы активтер кіреді. Дамыған елдердің облигацияларына 2,4 трлн теңге салынса, дамушы елдердікіне 1,9 трлн теңге қаржы салынған.

БЖЗҚ активтерді одан бөлек, халықаралық қаржы ұйымдарының облигациялары, банк депозиттері, Ұлтттық банктегі депозиттер, ҚР эмитенттерінің акциялары мен бағалы қағаздарына салынады.

Қараша айында қандай бағалы қағаздар сатып алынған?

2024 жылғы қарашада Ұлттық банк БЖЗҚ активтерінен 50 миллиард теңгені «Бәйтерек» ұлттық холдингінің облигацияларына салды. Бұл бағалы қағаздардың жылдық орташа табыстылығы – 13,89%.

Сонымен қатар, қараша айында:

  • 48 млрд теңгеге Қаржы министрлігінің мемлекеттік бағалы қағаздары;
  • 68,45 млр теңгеге АҚШ-тың мемлекеттік бағалы қағаздары сатып алынған.

Бұдан бөлек келесі активтер:

  • «Қазақстан Халық банкі» АҚ облигациялары 99,98 миллиард теңгеге;
  • Еуропа қайта құру және даму банкінің (ЕҚДБ) облигациялары 60 миллиард теңгеге;
  • «Kaspi Bank» АҚ салымы 20 миллиард теңгеге өтелген.

Сонымен қатар, зейнетақы активтерін басқарушы «Қазатомөнеркәсіп» ҰАК» АҚ-ның 14,48 миллиард теңге көлеміндегі депозитарлық қолхаттарының бір бөлігін сатты.