Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі миллиардер Сәрсеновтардың отбасына тиесілі «Нұрбанк» акционерлік қоғамына 2,2 млн теңге айыппұл салды. Қаржы ұйымы айыппұлды 2025 жылдың 19 қаңтарына дейін төлеуі керек.
ҚНРДА банкке әкімшілік айыппұлды «ақшамен немесе өзге мүлікпен жасалатын операция туралы ақпаратты қайта бермегені» үшін салған.
«Нұрбанк» актив көлемі бойынша Қазақстан бантері арасында 15-орында тұр. 2024 жылдың 10 айында 11,4 млрд теңге таза пайда тапқан. Актив көлемі 512,3 млрд теңгені құрайды. Ал несие портфелі – 260,6 млрд теңге. Соның ішінде төленбегеніне 3 айдан асқан несие көлемі 9,6 пайызды құрайды.
Бұл банк проблемалық несиесі үлкен банктердің бестігіне кіреді. Оның несие портфеліндегі проблемалық кредит көлемі 25 млрд теңгеден асқан.
Банктің ірі акционері – Эльдар Сәрсенов. Ол JP Finance Group арқылы «Нұрбанктің» 86,42% акциясына ие. Кәсіпкер «Қазақстандағы ең ықпалды бизнесмендер» арасында 42-орында тұр. Тағы 5,87% акциясы JA collection company ЖШС-ға тиесілі.