Шикізат секторындағы инвестицияның азаюы: инвесторлар біртіндеп кетуде

Жарияланды (жаңартылды )
Шикізат секторында инвестицияның азайғаны байқалады/ фото: kursiv.media

2024 жылғы қаңтар-қарашада негізгі капиталға салынған инвестициялардың көлемі 15758 млрд теңгені құрады. Бұл 2023 жылғы қаңтар-қарашадан (салыстырмалы бағамен) 3,1% көп.

                                                 

Мемлекеттік бюджет ірі инвесторға айналып келеді

Инвестицияларды қаржыландырудың басым көздері шаруашылық жүргізуші субъектілердің меншікті қаражаты. Ресми мәліметке назар аударсақ, олардың көлемі 2024 жылғы қаңтар-қарашада 10,3 трлн теңгені немесе жалпы көлемнің 65,7%-ын құрады.

Бюджет қаражаты негізгі капиталға салынған инвестициялардың жалпы көлемінің 20,2%-ын құрады. Бұл ретте 2023 жылғы қаңтар-қарашамен салыстырғанда 37,5% жоғары. Мемлекет ішкі экономикаға 11 айда 3,1 трлн теңге инвестиция салған.

Негізгі капиталға салынған инвестициялардың жалпы көлемінде экономиканың нақты секторын қаржыландырудағы банк саласының үлесі – 3,9%. Жалпы банк секторы 622 млрд теңге несие берген. Ал шетелдік банктер отандық кәсіпорындарды 100 млрд теңгеге жуық қаржыландырған.

                                                       

Оңтүстік өңірлер көш бастады

Инвестицияның едәуір үлесі Атырау облысы еншісінде (12%). Атырау облысы ірі мұнай-газ-химия өндіріс орындарына салынған инвестиция есебінен өңірлер арасында үлесі айтарлықтай басым.

Негізгі капиталға салынған инвестициялардың ««(НКИ) өсуі Қарағанды (50,5%-ға), Жетісу (37,8%-ға), Павлодар (35,8%-ға), Түркістан (25,5%-ға), Алматы (22,5%-ға), Қызылорда (20,5%)-ға облыстарында және Астана қаласында (20,4%-ға) байқалды.

Бұл ретте негізгі капиталға салынған инвестициялардың (НКИ) төмендеуі Атырау (27,7%-ға), Ақмола (15,2%-ға), Манғыстау (14,4%-ға), Ақтөбе (13,9%-ға), Ұлытау облысы (6,4%-ға), Алматы қаласында (3,8%), және Жамбыл (2,8%-ға) облыстарында аңғарылды. 

Білімге инвестиция 2,2 есе өскен

Ресми мәліметке назар аударсақ,  2024 жылғы қаңтар-қарашада негізгі капиталға салынған инвестициялардың негізгі үлесі өнеркәсіпке (40,5%) (оның ішінде тау-кен өндіру өнеркәсібіне және карьерлерді қазуына – 20,3%, өңдеу өнеркәсібіне – 10,5%), жылжымайтын мүлік пен операцияларға (19,3%), көлік және жинақтауға (17,8%) және ауыл, орман және балық шаруашылығына (4,9%) тиесілі. 2024 жылдың 11 айында білімге салынған қаржы көлемі 818 млрд теңгеге жуықтады және бұл былтырғы тиісті кезеңмен салыстырғанда 2 есе өскен. Сонымен қатар денсаулық саласына 305 млрд теңге инвестиция салынған.

Кейбір салаларда былтырғы тиісті кезеңмен салыстырғанда, керісінше инвестиция теріс динмикада қалыптасты. Құрылыс саласына инвестиция керісінше (-19,3%), сауда (-17,9%) және кен өндіру саласына тартылған инвестиция көлемі (-23,3%) азайған.

                                                          

Шикізатқа инвестициялық  тартымдылық азайып барады

Мұнай мен газ, металдар және басқа да табиғи ресурстардың әлемдік бағалары тұрақсыздық танытуда. Бағалардың құбылмалылығы инвесторларды шикізат секторына қаржы салуда сақтыққа итермелейді. Әлем елдері көмірқышқыл газының шығарылуын азайту және жаңартылатын энергия көздеріне көшуге басымдық беруде. Бұл үрдіс дәстүрлі шикізат өнімдеріне сұраныстың біртіндеп төмендеуіне алып келіп, Қазақстанның шикізат секторына инвестицияны азайтуға себепші болып отыр.

Қазақстанның экономикалық дамуы мен халықтың әл-ауқатын арттыруда негізгі капиталға салынған инвестицияның маңызы зор. Бұл инвестициялар елдің инфрақұрылымын жетілдіруге, өндіріс орындарын жаңғыртуға және жаңа технологияларды енгізуге мүмкіндік береді. Алайда Қазақстан бұл бағытта әлі де көптеген өзгерістер мен реформаларды қажет етеді. 

Сондай-ақ оқыңыз