Шығыс Қазақстан облысында Катонқарағай мен Зайсанға Астана мен Алматыдан тікелей әуе рейсімен жетуге болады. Бұл туралы Мәжіліс отырысында Көлік министрі Марат Қарабаев айтты.
Мәжіліс депутаты Ерлан Саиров министрден Катонқарағай, Зайсан және Арқалық қалаларындағы әуежайларды қалпына келтіру және салу мерзімдері туралы сұрады.
Министр Қатонқарағай әуежайы Солдатово ауылында, Зайсанда әуежай Сәтбаев ауылында салынатынын атап өтті. Астана мен Алматыдан Катонқарағай және Зайсан курорттарына тікелей рейстер үшін ұзындығы 2200 метр болатын ұшу-қону жолақтары салынады. Бұл жолақтар Qazaq Air авиакомпаниясының 1000-1500 км қашықтықты жүріп өтуге қабілетті Bombardier Q400 ұшақтарына арналған. Екі әуежайдың құрылысы 2025 жылы аяқталуы тиіс.
Ал Арқалық қаласында ұшу-қону жолағына жөндеу жұмыстары жүргізілуі тиіс. Сондай-ақ, жаңа авиациялық навигациялық қондырғы орнату жоспарланған. Құрылыс 2026 жылы аяқталуы тиіс.
Қатонқарағай – Шығыс Қазақстан облысында орналасқан экотуризм дамытуға арналған Қазақстанның ең ірі табиғи паркі. Туристерді Белуха тауы, Көккөл сарқырамасы, «Рахмановские ключи» ыстық сулары және тарихи Берел қорғандары күтеді. Зайсан көлі де Қазақстанның шығысында орналасқан туризмді дамытуды көздейтін орындардың бірі.