Жаңалықтар

Қостанайда сырғанақ алаңында 6 бүлдіршінге жедел жәрдем көмегі қажет болды

Қостанайда 6 бүлдіршін сырғанақ алаңында жарақат алды
Қостанайда 6 бүлдіршін сырғанақ алаңында жарақат алды / Фото: Наш Костанай

Қостанай қаласының орталығында орналасқан мұздан жасалған сырғанақ алаңында 2 бүлдіршін ес-түссіз құлап, 4 бала жарақат алған. Бұл туралы өңірлік Жедел жәрдем қызметі хабарлады.

Ақпаратқа сүйенсек, бір күн ішінде 6 бала әртүрлі дәрежедегі жарақат алып, 5 бүлдіршін ауруханаға түсіп, бір бала үйіне жеткізілген.

Жедел жәрдем бригадасы оқиға орнына келген кезде мұз айдында екі қыз бала ес-түссіз болған. Олардың жастары әртүрлі екені жазылған.

Осы ақпаратты бере отырып, Жедел жәрдем қызметкерлері сырғанақтар мен мұз айдындардың көңіл көтеретін орын ғана емес, адам денсаулығына қауіпті орын екенін де еске салды. Бұл әсіресе қорғаусыз балалардың денсаулығына зиян келтіруі мүмкін екенін атап өтті.

«Құрметті ата-аналар, есіңізде болсын: сырғанақтары қауіпсіздік ережелерін сақтамаған жағдайда қаупі жоғары объект. Кәмелетке толмаған бүлдіршіндерді сырғанау кезінде қараусыз қалдырмаңыз. Балаларыңыздың өмірімен денсаулығына бірінші кезекте ата-ана ретінде сіз жауаптысыз!» –  деп ескертті дәрігерлер.