Грузия президенті Саломе Зурабишвили 22 желтоқсанда Тбилисидегі ереуілде сөйлеп, үкіметке жаңа парламент сайлауын жариялауға бір апта уақыт берді. Бұл туралы EurAsia Daily хабарлады. Орбелиани алаңындағы президент резиденциясы маңында өткен митиң кезінде Зурабишвили өзінің конституция мен грузин халқына адал екенін мәлімдеді.
Зурабишвили сондай-ақ грузин армиясына және ардагерлерге адал екенін атап өтті.
«Мен Грузияның армиясына және бүгін осында жиналған ардагерлерге адалмын. Армиямыз Грузияны қорғайды және бізге қолдау көрсеткен халықаралық серіктестерге адал. Мен армияның бас қолбасшысымын және солай болып қала беремін. Мен бұл алаңға жиналған халыққа да, сондай-ақ барша грузин халқына адалмын», – деді ол.
Саломе Зурабишвили ереуілде жаңа парламент сайлауын жариялау талабын тағы қайталады. Оның айтуынша, 26 қазанда өткен парламент сайлауы заңды деп саналмайды. Сайлау нәтижесінде «Грузин арманы» партиясы жеңіске жеткен болатын, бірақ оппозиция бұл нәтижелерді мойындамай, жаппай наразылық шараларын ұйымдастырды.
Зурабишвили жаңа сайлаудың нақты күні 29 желтоқсанға дейін жариялануы керек екенін талап етті. Сол күні оның президенттік өкілеттігі аяқталып, жаңа президент Михаил Кавелашвили қызметіне кірісуі тиіс. Кавелашвили бұл қызметке тікелей сайлау арқылы емес, сайлаушылар алқасының шешімімен тағайындалған.
Грузия премьер-министрі Ираклий Кобахидзе 29 желтоқсанда Зурабишвили президент сарайынан кетпесе, оған қылмыстық жаза қолданылатынын мәлімдеді.
Сондай-ақ, премьер 28 қарашада елдің Еуропалық Одаққа кіру жөніндегі келіссөздерді 2028 жылға дейін тоқтататынын хабарлағаннан кейін, Грузияда наразылық шаралары күшейе түсті.