АҚШ-тың тоғыз штатында Starbucks қызметкерлері ереуілге шығып, 30-дан астам кофехана жұмысы тоқтады. Starbucks Workers United кәсіподағы 22 желтоқсан күні Миссури, Нью-Джерси және Нью-Йорк штаттарында ереуіл басталғаны туралы хабарлады.
21 желтоқсан күні Колорадо, Огайо және Пенсильвания штаттарындағы Starbucks қызметкерлері жұмысын тоқтатқан. Бұл туралы Reuters хабарлады.
Кәсіподақтың мәліметінше, қазір 10 000-нан астам қызметкерді біріктіретін 525-тен астам дүкеннің жұмысы тоқтаған. Жексенбі күні 30-дан астам кофеханасы толығымен жабылды.
Ереуілдің себептері
Ереуіл жұма, 20 желтоқсан күні Чикаго, Лос-Анджелес және Starbucks-тың бас кеңсесі орналасқан Сиэтл қалаларында басталған. Қызметкерлер 2024 жылдың соңына дейін еңбек шарттарын бекіту үшін жалақыны арттыруды және шешілмеген заңды мәселелерді реттеуді талап етіп жатыр.
Starbucks жауабы
Компанияның мәлімдеуінше, кәсіподақ өткен аптада келіссөздерден бас тартып, ереуілге шыққан. Starbuсks өз қызметкерлеріне сағатына 18 доллардан астам орташа жалақы төлеуді және толық әлеуметтік пакеттерді ұсынатынын алға тартып, бұл көрсеткіш бәсекелестерден жоғары екенін айтты.
Компания сонымен қатар кәсіподақтың талаптарын орындау қаржылық тұрғыдан мүмкін еместігін жеткізді. Олардың мәліметінше, ұсынылған шарттар үш жылдық келісімшарт барысында жалақыны 77%-ға арттыруды көздейді, бұл «ұзақ мерзімді перспективада тұрақсыз» деп бағаланып отыр.
Қызметкерлердің талабы қандай?
Кәсіподақ Starbuсks-тың мәлімдемесін жоққа шығарып, компания олардың нақты талаптарын бұрмалап отырғанын айтты. Алайда қызметкерлер өздерінің талаптарының егжей-тегжейін жария етуден бас тартты.
Ереуіл мерекелік кезеңге тура келді. Бұл кезде Starbuсks күзгі және қысқы сусындарынан, сыйлық карталарынан табыс табуды жоспарлаған еді. Starbucks өкілдерінің айтуынша, ереуілдің дүкендердің жұмысына «айтарлықтай әсері жоқ,» тек бірнеше дүкен уақытша жабылған.