Депутат Еділ Жаңбыршин Air Astana компаниясының президенті Питер Фостерге шүйлікті. Мәжілісте депутаттар авибилет бағасының тым шарықтап кеткенін айтқан тұста, компания басшысының миығынан күліп отырғаны депутаттың ашуын оятты.
«Сіз күлмеңіз! Сіз бізді менсінбей отырсыз, осы жерде. Біз сізге Африкадағы абориген емеспіз, ештеңе түсінбейтін. Ойнамаңыз. Бұл парламент! Осы жерде отырғандардың барлығы халық сайлаған адамдар», – деді ол.
Депутаттар әуе компаниясының Қазақстан аспанында монополия құрғанын айтып, салдарынан билет бағасының Батыс елдерінен де қымбат екенін, ұшақ уақыты жиі кешіктірілетінін айтып, Көлік министрінен мәселені шешуді сұрады. Кешіккенімен қоймай, сол кешіккен уақытқа заң нормасына сәйкес, өтемақы төлеу процесінің де қиындатылғаны туралы мәселе көтерілді.
Мемлекеттік тілге басымдық берілмейді
Еділ Жаңбыршин өзінің өтемақыға өтініш бергенін алайда 4-5 айдан бері әлі өтемақы төленбегенін айтты. Айтуынша, компаниялар бұл процесті әдейі күрделендіріп қойған. Жаңбыршин көлік министрінен өтемақы қайтару мәселесін жеңілдетуді, заңды негізде халыққа күткен уақыты үшін айыппұл төленуі тиіс екенін айтты.
«Фостер, мырза! Сіз шаңыраққа қараңыз! Заңға бір сағат кешіккені үшін 3% айыппұл салу туралы норманы енгізгенбіз. 2 тамызда Air Astana 12 сағатқа кешікті. Бірақ соның айппұлын әлі де ала алмай жүрмін. Себебі, олар қитұрқы схема жасап қойған. Сайтқа кіріп, өтініш беріп, жауабын алып, ақша алу – оңай емес. Бірақ мен соңына дейін жеткізейін деп, әдейі жүрмін», – деді депутат.
Бұдан бөлек, депутат Air astana-ның мультимедиясы көбінде басқа тілде екенін де атап өтті.
«Эйр Астананың бүкіл мультимедиасы басқа тілде. Мемлекеттік тілдегі контент өте аз. Оны бірнеше рет айттық. Ол да үлкен мәселе. Біздің территорямыздың үстінде ұшып жүр, өзіміздің компаниямыз дейміз. Бірақ неге мемлекеттік тілге басымдық бермейді? Тым болмаса 50/50 болуы керек», – деді депутат.