Жаңалықтар

Рұқсат бланкілерін беру механизмі монополияланған – Қарабаев шекара бекеттеріндегі жемқорлық туралы айтты

шетелдік рұқсат бланкілерін
Шетелдік рұқсат бланкілерін беру тәртібі 2025 жылдан бастап өзгеретінін айтты / Коллаж: kursiv.media; бильд-редактор: Ахтам Зиперов

Шекара бекеттерінде шетелдік рұқсат бланкілерін беру механизмі монополияланған. Бланкілердің басым бөлігін бір адам сатып алып, телеграм арналарда қымбатқа сатады. Бұл мәселе Мәжіліс отырысында талқыланды.

Депутат Айтуар Қошмамбетов шекара бекеттеріндегі шетелдік бланкілерді беру жүйесінде жемқорлық тәуекелдері жоғары екенін атап өтті. Айтуынша, рұқсат бланкілерін санаулы адамдар мол көлемде сатып алып, қара нарықта сатып, қалтасын қалыңдатады.

«Шетелдік рұқсат бланкілерін беретін комитет рұқсат бланкілерінің пайдаланылғаны туралы есеп береді. Алайда артынша, пайдаланылмаған бланкілер қара нарықта пайда болып, телеграм арналар арқылы 1600 еуроға немесе долларға сатылады. Жемқорлықтың бұл түрімен қалай күресеміз? Министрлік қандай шаралар қолданып жатыр?», – деген сұрақ қойды депутат.

Шекара бекеттерінде монополия орнағанын, жемқорлық тәуекелдері бар екенін Көлік министрі Марат Қарабаев та жасырмады. Айтуынша, шекара бекеттерінде бланк тапшылығы жасанды жолмен туындап отырған.

«Расында, шетелдік рұқсат бланкілерін беру механизмі монополияланған. Мәселен А атты компания 100 бланкі алса, келесі жылы да бланкілер сол компанияға беріліп отырған. Солайша нарықтың жекелеген қатысушылары бәсекелесе алмайтын. Енді тәртіп өзгереді. Бланкілер белгілі бір азаматқа, белгілі бір көлік нөміріне беріледі. Бұл жемқорлық тәуекелдерін азайтады. Бұған дейін жасанды жолмен бланк тапшылығы туындаған болса, алдағы жылдан бастап мұндай тәуекелдер азаяды», – деді Қарабаев.

Министр жаңа жүйенің 1 қаңтардан бастап іске қосылатынын айтты. Сонымен бірге мұндай бланкілер бір айға ғана беріледі. Олар бір ай ішінде пайдаланылмаса, айыппұл қарастырылған. Ал бұған дейін мұндай бланкілердің пайдалану мерзімі 6 айға дейін, бос күйінде беріліп келген.