Жаңалықтар

Үлескерлердің 3,7 млрд теңге қаражатын жымқырған азамат Ресейден экстрадицияланды

Ресейден экстрадицияланды
Ресейден үлескерлердің қаражатын жымқырған азамат экстрадицияланды / Фото: ашық дереккөз; бильд-редактор: Ахтам Зиперов

Үлескерлердің 3,7 млрд теңге қаражатын жымқырған азамат 17 жылдан кейін Ресейден экстрадицияланды. Бұл туралы Бас прокуратураның баспасөз қызметі хабарлады.

«Қазақстан Республикасының Бас прокуратурасы Ресей Федерациясынан аса ірі мөлшерде алаяқтық жасағаны үшін қылмыстық жауапкершілікке тарту үшін Өзбекстан азаматын экстрадициялады»,- делінген баспасөз хабарламасында.

Прокуратура мәліметінше, күдікті 2005-2007 жылдары пәтер үлескерлерінің қаражатын заңсыз иеленген. Бұл аралықта күдікті Алматыда орналасқан құрылыс компаниясында бухгалтер болып жұмыс істеген. Күдікті өз қызметін теріс пайдаланып, үлестік құрылысқа қатысушылардан ақша қабылдап, оларға жалған түбіртек беріп отырған.

Есепшінің және оның сыбайластарының заңсыз әрекетінен соң, Алматы қаласының 80-нен астам тұрғыны 3,7 млрд теңге шығынға ұшыраған.

Мұндай заң бұзушылықтар үшін есепшінің бір сыбайласы сотталған. Ал есепші ізін суытып, қашып кеткен. Бұдан соң, құзырлы орган күдіктіге халықаралық іздеу жариялаған.

Ал бір жыл бұрын бұл азаматтың Ресейдің Краснодар өлкесінде тұрып жатқаны белгілі болып, қамауға алынған. Артынша бас прокуратураның сұрауы бойынша, Қазақстанға экстрадицияланған.

«Қазіргі уақытта күдікті тергеу изоляторына қамалды. Мұндай қылмыс үшін күдіктінің мүлкі тәркіленіп, бес жылдан он жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айырылуы мүмкін», – деп хабарлайды баспасөз қызметі.