Иманғали Тасмағамбетов ҰҚШҰ төрағасы ретінде тағы бір жыл отырады. Өйткені Қазақстанның төрағалығы 2025 жылдың 31 желтоқсанына дейін созылуға тиіс. Осы екі жыл ішінде ол несімен көзге түсті? Әрине, Тасмағамбетов бірнеше мәрте НАТО-ға, жалпы Батыс елдеріне қарсы Ресейдің көзқарасына жақын мәлімдемелер жасап үлгерді. Ол кезде сарапшылар ҰҚШҰ-да Ресейдің ықпалы күшті болғандықтан, оның басқаша көзқарас білдіруі мүмкін емес екенін, білдірген күнде сол сәтте орынтағынан кететінін айтқан еді.
Десе де, бұл мәлімдемелерден кейін, Қазақстанда оған «ресейшіл саясаткер» деген айдар тағыла бастады. Сонымен қатар Иманғали Тасмағамбетов ҰҚШҰ төрағасы ретінде ұдайы ресейлік БАҚ-тарға сұхбат беріп жүргені байқалады.
ҰҚШҰ мен Қаңтар оқиғасы
1992 жылы құрылғанымен, бары-жоғы білінбеген ҰҚШҰ 2022 жылы Қаңтар оқиғасында алғаш рет белсенділік танытты.
«Бізге 2000-нан аса әскер кіргізді. Оның –1800-і Ресей әскері. Қалғаны – Беларусь, Армения және Қырғызстан әскері. ҰҚШҰ-ның Қазақстанға пайдасы да, зияны да жоқ. Ресейдің империялық саясатынан туындаған ұйым. Қазақстанға сырттан шабуыл жасалатын болса, ҰҚШҰ ештеңе істемейді. Бірақ бұл саясат үшін керек», – дейді саясаттанушы Сайын Борбасов.
Қаңтар оқиғасынан бір жыл өткен соң, 2023 жылдың 1 қаңтарында Иманғали Тасмағамбетов осы ұйымның төрағалығына тағайындалды.
Ресей Украинаға баса-көктеп әскер кіргізгеннен кейін, Тоқаев Ресейдің Украинаға қарсы агрессиясын қолдамайтынын ашық айтты. Бұдан кейін Ресейдің кейбір бұқаралық ақпарат құралдары «Мәскеудің Қаңтарда Тоқаевты қолдап қателік жасағанын, Қазақстанның Мәскеудегі елшісі Иманғали Тасмағамбетов Тоқаевқа қарағанда «ресейшілдеу» екенін алға тарта бастады.
Тасмағамбетов кім?
Саясаттанушы Сайын Борбасов Иманғали Тасмағамбетовті салиқалы, мемлекет қайраткері деп есептемейді. Өйткені ол – потенциалы таусылған тұлға.
«Оған мансап керек. Биліктің ішінде болу маңызды. Оның өзін «Мен – Назарбаевтың өнімімін» деп атағаны бар. Назарбаев өнімдерінің дені – жемқор. Алматыда әкім болғанда қазақтарды зар қақсатты», – дейді сарапшы Шаңырақ пен Бақай оқиғасын меңзеп.
Оның пікірінше, Иманғали Тасмағамбетов білімді әрі қазақ мәдениетін жақсы біледі. Сол жағынан ұтымды болып көрінгенмен, ұлт қайраткері деңгейіндегі адам емес.
«Ол кездегі шенеуніктер Назарбаевтың қақпанынан әрі кетпейді. Отыз жыл әбден қандарына сіңген. Шырмауыққа оралған. Ол шырмауық – назарбаевшылдық. Одан құтылмайынша, Қазақстан жетістікке жетпейді», – дейді Сайын Борбасов.
Кеңестік үлгідегі басшы
Саясаттанушы Толғанай Үмбетәлиеваның айтуынша, Тасмағамбетовтің Батыс әлемімен ешқандай байланысы жоқ. Ол «адам құқығы», «демократия» секілді тақырыптарды ешқашан қозғаған емес.
«Иманғали Тасмағамбетов консервативті көзқарастағы дәстүрлі саясаткер болып көрінеді. Ол қазақ және орыс тілдерінде жақсы сөйлейді. Батыс әлеміне деген қызығушылығын ешқашан көрсеткен емес. Ресейшіл тұлға ретінде әсер қалдырады. Өйткені кеңестік үлгідегі көшбасшы. Негізі, шаруашылықтың адамы», – дейді Үмбетәлиева.
Саясаттанушының сөзіне қарағанда, оны тым ресейшіл деп те айтуға келмейді. Өйткені Ресейге де, Батысқа да қатысты мәлімдеме жасаған емес. Ол ҰҚШҰ-ға мүше елдердің мүддесін қолдады. Ол мүдделер арасында теңгерім сақтауға ұмтылған.
Белсенді бейтараптық
Толғанай Үмбетәлиева ҰҚШҰ-ға Қазақстанның төрағалық етуінен көп пайда келмегенін айтты. Сондықтан Иманғали Тасмағамбетов ҰҚШҰ төрағасы ретінде көп іс тындырмаған. Өйткені Қазақстан әлемдегі оқиғаларға бейтарап позиция ұстанып отыр.
«ҰҚШҰ-да да ешқандай жұмыс атқарған жоқпыз. Қазақстан мұндай жобалар туралы бастама көтерген де жоқ, жүзеге асырған жоқ. Тек қана уақыт ағымымен ілесіп жүрді. Қазақстан барлық елмен қарым-қатынасты сақтауға ұмтылып отыр. ҰҚШҰ-дан шығуды жоспарлап отырған жоқ. Себебі Ресейдің ықпалы көп. Сондықтан зиян келтіріп алмауды көздейді», – дейді саясаттанушы.
Десе де, Қазақстан халықаралық аренада бейтараптық таныта отырып, әскери әрекеттерді қолдамайды.
«Қазақстанның әскери доктринасы бойынша бізге әскер тек қорғаныс үшін керек. Мемлекеттер арасындағы жанжал бейбіт жолмен шешілуі тиіс. ҰҚШҰ ұйымына кіретін елдер қару-жарақ жағынан алғанда Қазақстанға қызық ештеңе ұсына алмайды. Соғыстан көріп отырғанымыздай, НАТО елдері заманауи қару-жараққа ие», – дейді Толғанай Үмбетәлиева.
ҰҚШҰ ішіндегі дау-дамайларға кінәлі кім?
Иманғали Тасмағамбетов төрағалығы тұсында ҰҚШҰ-ға мүше елдердің арасында кикілжің күшейді. Осы ұйымға мүше екі мемлекет – Қырғызстан мен Тәжікстан шекарасында қарулы қақтығыс болды. Әзербайжан Қарабақты қайтарып алған соң, Армения ҰҚШҰ-дан шығу мәселесін көтерді.
«Әзербайжан мен Армения арасындағы жанжалға келсек, шешім қабылдайтын – ірі мемлекеттер. Мәселен, Түркия мен Ресей. Қазақстанның оған ешқандай қатысы жоқ. Ірі мемлекеттердің өзара келісі бойынша, Әзербайжанға Түркия көмектесті. Ресей бейтараптық танытты. Армения ҰҚШҰ-ға, ең алдымен Ресейге өкпеледі. Қазақстанның рөл ойнамауы – біздің жолымыздың болғаны», – дейді саясаттанушы.
Үмбетәлиеваның сөзіне қарағанда, Иманғали Тасмағамбетов ұстанымдарын Тоқаевпен алдын ала келісіп отырады. Ол басқа саясат ұстана алмайды. Ортақ позиция – бейтараптылық.