Павлодарда алкилат шығаратын зауыт салынады

Жарияланды
анпз
Мұндай зауыт Қазақстанда алғаш рет ашылғалы отыр/Фото: azh.kz

Павлодарда құны 35 млрд теңге болатын, жоғары октанды жанармай құрамына қосылатын алкилат шығаратын зауыт салынады. Мұндай зауыт Қазақстанда алғаш рет ашылғалы отыр.

Іnterfax хабарлауынша, өндіріс қуаты – жылына 97,6 мың тонна. «Бәйтерек» ҰБХ» АҚ-ның мәліметінше, бұл ауқымды жобаны «INTERTRANS C.A.» ЖШС жүзеге асырмақ. Және «Қазақстанның даму банкі» АҚ мен аталған серіктестік арасында кредиттік желі ашу туралы келісім жасалған.

Бұл жобаны іске асыру Қазақстанға сапасы жоғары, К-5 (Еуро-5) экологиялық стандарттарына сай келетін отын өндіруге мүмкіндік береді. Мұндай жанармай қоршаған ортаға тигізетін зиянды елеулі түрде қысқартады.

«Бәйтерек» ҰБХ» АҚ-тың ақпаратына қарағанда, зауыт құрылысын салу кезінде 500 жұмыс орны ашылса, пайдалануға берілген соң, зауытта 125 мың тұрақты жұмыс орны болады.

Қазір Қазақстанның мұнай өңдейтін зауыттары N-метиланилин және метил-трет-бутилді эфир пайдаланып жүр. Бірақ бұл заттарды қолдануға шектеу бар. N-метиланилин улы. Ауаға азот оксидін шығарады. Топырақты бүлдіріп, қозғалтқыштарды тоздырады. Эфир болса, жанған кезде улы заттарды пайда болуына ықпал етеді.

Алкилат – жоғары октанды жанармай құрамы. Жанармайды жақсартып, көмірқышқыл газы мен улы заттардың бөлінуін азайтады.

Сондай-ақ оқыңыз